Теңге бағамына қатысты қандай өзгеріс болады? Ұлттық банк төрағасы жауап берді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме төмендеуі теңге бағамына қалай әсер ететінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Брифинг барысында журналистер "базалық мөлшерлеме төмендеуі ұлттық валюта әлсіреуіне әкеп соғуы мүмкін бе?" деп сұрады. Тимур Сүлейменов мұндай қатер байқалмайтынын мәлімдеді.

"Базалық мөлшерлеме төмендеуі салдарынан теңге әлсірейді деген болжам жоқ. 17 пайыздық базалық мөлшерлеме теңгедегі активтердің тартымдылығын сақтап тұр. Бір пайыздық өзгеріс депозиттерге де, корпоративтік облигацияларға да әсер етпейді. Сұраныс бұрынғы деңгейде қалады, демек, бағам айтарлықтай өзгермейді", - деді ол.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, маусымдық фактор да теңге бағамына өз ықпалын тигізеді.

"Демалыс маусымы басталады, азаматтар доллар сатып ала бастайды. Осы уақытта бағам әдетте сәл жоғарылай бастайды", - деді Ұлттық банк төрағасы.

Айта кетейік, бүгін Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. жылдық 17,00 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!