KASE таңғы сессия қорытындысы бойынша доллар бағамы 363,58 теңгеге тең болды. Айта кетейік, кеше күндізгі сессияда шетел валютасының бағамы 360,34 теңгеге тең болған еді.
10 ақпандағы таңғы сессияда алғашқы келісім 362,16 теңгемен жасалды. Ең төменгі баға да осы болды, жоғарысы 365,76 теңгеге жетті. Сессия кезінде сауда көлемі 34 миллион доллардан асты. Kurs.kz порталының мәліметінше, ақша айырбастау орындары шетел валютасын 360-365 теңге аралығында саудалап жатыр.
Еске салайық, ҚР Ұлттық банкі бұған дейін 2015 жылы теңге нақты көрсеткіш бойынша 30 пайызға әлсірегенін хабарлады. "2015 жылы теңге нақты көрсеткіш бойынша 29,9 пайызға әлсіреді (34 елдің валюталарына қатысты нақты тиімді айырбастау бағамы индексінің өзгеруі), ал 2014 жылдың басынан бастап 2015 жылғы желтоқсан аралығында әлсіреу 25,6 пайызды құрады. Теңгенің Ресей рубліне қатысты әлсіреуі 2015 жылы нақты көрсеткіш бойынша (нақты айырбастау бағамы) 29,3 пайызды құрады, ал 2014 жылдың басынан бастап нақты көрсеткіш бойынша 1,9 пайызға әлсіреді", − делінген банктің хабарламасында.
Дереккөз: Tengrinews