Теміртауда заңсыз майнинг фермасын ұйымдастырғандар ұсталды

Теміртауда заңсыз майнинг фермасын ұйымдастырғандар ұсталды
Фото: Видео кадры

Қаржы мониторинг агенттігі Теміртауда заңсыз майнинг фермасын ұйымдастыру дерегін Қарағанды облыстық прокуратурасының үйлестіруімен анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Күдіктінің Теміртауда өндірістік база аумағында металл контейнерлерде криптовалюта өндіру үшін арнайы жасалған есептеу құрылғыларының кешенін орнатқаны анықталды.

Тінту барысында объектіден 156 бірлік майнинг жабдықтары (ASIC) және басқа да қосалқы құрылғылар табылып, тәркіленді.

Қазір алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр.

Тергеу аясында Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа ақпараттар жарияланбайды.

Жыл басынан бері заңсыз майнингтік фермаларды ұйымдастырудың 11 дерегі анықталды, олардың қылмыстық табысының жалпы сомасы 440 миллион теңге болды. Тергеу барысында 269 миллион теңге сомасында майнингтік жабдықтары тәркіленіп, 373 миллион теңге сомасында цифрлық активтер өндірілді.

Сотқа жіберілген екі қылмыстық іс бойынша жалпы қылмыстық табыс 216 миллион теңге болды. Осы істер шеңберінде 1,1 миллиард теңгелік мүлік пен 30 миллион теңгеден аса цифрлық активтерге тәркіленді.

Айта кетейік, криптовалюта өндіру саласындағы заңсыз қызмет елдің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан төндіретін тәуекелдердің туындауына әкеп соғады, тұтынушылар мен кәсіпкерлерге электр энергиясын жеткізудің іркілу және тапшылық тәуекелдері артады.

Қаржы мониторинг агенттігі аталған қызмет түріне тиісті лицензия болған жағдайда ғана рұқсат етілгенін ескертеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек