- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Теміртауда тұрғын үйден...
Теміртауда тұрғын үйден өрт шықты: 6 адам қаза тапты
Қарағанды облысында көпқабатты үйден өрт шығып, 6 адам қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрттің шығуына себеп болған жағдайларды зерттеу үшін оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов келді.
16 желтоқсанда сағат 01:51-де Теміртауда Ақтау кентіндегегі 5 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабар түсті. Алғашқы өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына 02:25-те жетті. 1-қабаттағы 3 бөлмелі пәтерде 40 шаршы метр аумақта өрт шыққан. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері келгенге дейін тұрғындар 5 адамның мәйітін (2007, 2010 жылы туған ұлдар, 1983, 1991 жылы туған әйелдер, 1991 жылы туған ер адам) кіреберістен көшеге алып шықты: зардап шеккен адамдар жоғарғы қабаттардағы пәтерлерден түтін басқан соң, кіреберіс арқылы өз бетімен эвакуацияланбақ болған.
Баспалдақ алаңында өрт болған жоқ, алайда түтін салдарынан тұрғындар далаға шығып үлгермеген.
Өртсөндірушілер жанып жатқан пәтердегі өртті сөндіру барысында алтыншы марқұмның (1977 жылы туған ер адам) денесі табылды. Үш адам түрлі дене жарақаттарын алған.
Сондай-ақ, өртсөндірушілер баспалдақ пен тыныс алу аппаратының көмегімен түтін басқан пәтердің кіреберісінен 10 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарды. Қабылданған шаралармен өрт 03:10-да оқшауланып, 04:00-де сөндірілді.
Өртті жоюға Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері мен 4 бірлік техникасы жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Оқиға орнында сынақ өрт зертханасының мамандары мен тергеушілер жұмыс істеп жатыр.
Өрт дерегі бойынша полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Өрт кезінде түтін басқан дәліздер немесе баспалдақтар арқылы эвакуациялану қауіпті екенін еске саламыз. Төтенше жағдайда түтін басқан бөлмелерден өту кезінде тыныс алу жолдарын дымқыл шүберекпен жабу керек.
Егер өрт пәтерден тыс жерде болса, өртсөндірушілер келгенге дейін пәтерде қалыңыз. Мұны істеу үшін алдыңғы есіктегі жарықшақтарды дымқыл шүберекпен жабыңыз немесе есікке дымқыл көрпені іліп қойыңыз. Бұл шаралар түтіннен аулақ болуға көмектеседі. Баспалдақта өрт болмаса да, түтін салдарынан далаға шығуға мүмкіндік болмай қалады", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек