Теміртауда полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға қатысты үкім өзгерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қарағанды облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2023 жылы 8 қазанда сағат 03:00 шамасында мас адамдар Теміртау қаласындағы "Меруерт" ресто-барының маңында тұрған қызметтік көлікте отырған полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Тәртіп бұзушылар көліктің есігін ашып, полиция қызметкерлеріне балағат сөздер айтып, төбелесу үшін көліктен шығуын талап еткен.
"ЖӘАТ (СОБР) қызметкерлері қақтығыстың алдын алуға тырысқан, алайда күдіктілер шыны бөтелке мен пышақ қолданып, дене жарақаттап, қызметкерлердің табельдік қаруын иемденуге оқталған, алайда діттегеніне жете алмаған", - деп жазылған Қарағанды облысы прокуратурасының мәліметінде.
Жасалған қылмыстың ауырлығына қарамастан бірінші сатыдағы соттың үкімімен кінәлі 2 адам бас бостандығынан айырылып, қалған 3 адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
Қарағанды облысы прокуратурасының өтініш хатымен апелляциялық сатыдағы сот сотталған 3 адамға қатысты үкімді қайта қарады және "қамауда ұстау" шарасын таңдап, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!