Теміртауда екі қабатты тұрғын үйдегі пәтердің бірінде төбе опырылып түсті. Баспанада ешкім болмаған. Тозығы жеткен үйдегі басқа тұрғындар қирандының астында қаламыз ба деп қорқып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
"Үйдің тозығы жеткен, ескі. Шатырдан су ағады, тесік, қар кіреді. Оны жөндеуге тұрғындардың шамасы жетпейді. Бәрі зейнеткер. Әкімдікке сан рет арыз жаздық. Бірақ еш қозғалыс жоқ", - деді Любовь Николаева.
1950 жылдары салынған үйдің әбден тозығы жеткен. Мұнда тұратындардың дені жөндеу түгілі, күнін әрең көріп отыр. Ал төбесі опырылған пәтер жекешеленбеген, жергілікті әкімдік балансындағы мүлік екен. Қараусыз, қаңырап бос тұрған. Оның техникалық жайына бас ауыртқан бір жауапты болмаған. Арызданғанда ғана төбесін көрсетіп, қарасын батырады екен. Тұрғындар "енді ішінде адамы бар пәтерлердің төбесі опырылса қайтеміз" дейді. Жергілікті әкімдік төтенше жағдайдан соң ғана әрекет ете бастаймыз дейді.
"Жөндеу жүргізу үшін ғимаратты толық тексеріп шығып, жоба-сметасын әзірлеуіміз керек. Техникалық байқаудан соң, егер үй апатты деп танылмаса, нысанға жөндеу жүргізу меселесі қаралады. Ол да белгілі бір мерзімді талап етеді", - дейді Теміртау әкімдігі тұрғын үй секторының жетекшісі Сәуле Қанышева.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!