Қарағанды облысында үш оқушының жолда қауіпті әрекет жасағаны бейнежазбаға түсіп қалды. Теміртауда жасөспірімдер жүріп бара жатқан газельге жармасып, көлік жолында қауіпсіздік ережелерін елеместен сырғанаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полиция жедел әрекет етіп, балалардың жеке тұлғаларын анықтады. Олардың жасы 10–11-де екені белгілі болды. Ата-аналарымен бірге олар полиция бөліміне жеткізілді. Енді бұл оқушылар мектепішілік есепке алынып, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиямен кездеседі.
Ата-аналарға жаза қолданылды
"Ата-аналар балаларын дұрыс тәрбиелемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материалдар кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды. Полиция тәрбие шараларын елемеу ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін еске салып, балалармен қауіпсіздік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрайды", – деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Көлік жүргізушілері алаңдаулы
Бейнежазба астындағы пікірлер арасында тағы бір алаңдатарлық жағдай жазылды. Теміртау тұрғыны үш баланың кенет жолға жүгіріп шыққанын айтып, оларды қағып кете жаздағанын жеткізді.
"Жасы шамамен алты-жетідегі балалар машинамның алдына атып шықты. Абырой болғанда, баяу келе жаттым, тежегішке басып үлгердім. Қуып жеткім келді, бірақ қашып кетті. Қазір балалардың көлік астына секіруін "жаңа мода" көретін болды ма?» – деп жазды қала тұрғыны.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қоғам не дейді?
Пікір қалдырушылардың арасында екі түрлі көзқарас бар. Бірі балаларды қорғаштап, өздерінің балалық шағындағы қауіпсіздікке мән бермеген ойындарын еске алады. Екіншілері бүгінгі заманда көлік санының көптігін, тәуекел деңгейінің жоғары екенін айтып, ата-аналар мен ересектердің жауапкершілігін еске салады.
"Біз де бала кезде тентек едік, бірақ онда жолда көлік аз еді. Қазір трафик тығыз, бұл – енді жай қылық емес, өмірмен ойнау. Алдымен видео түсіреді, желіге жүктейді, кейін кінәлі іздейді. Одан да дер кезінде тоқтатып, сөйлесу керек", – дейді желі қолданушылары.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет