Теміртауда автобус жүргізушісі жол үстінде көз жұмды: көлікте 15 жолаушы болған

Теміртауда автобус жүргізушісі жол үстінде көз жұмды: көлікте 15 жолаушы болған
Фото: Видео кадры

Теміртауда автобус жүргізушісінің денсаулығы кенет сыр беріп, көлік ағашқа соғылды. 64 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Апат кезінде автобуста шамамен 15 жолаушы болған. Олардың ешқайсы зардап шеккен жоқ. Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желіде тарап жатыр.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 14 қарашада сағат 10:30 шамасында болған. Yutong маркалы автобус бағыт бойынша жүріп келе жатқанда, 64 жастағы жүргізушінің кенет жағдайы нашарлаған.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

NEWS Karaganda-Ulytau (@newskor.krg) жариялаған материал

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам есінен танып қалған. Салдарынан басқарусыз қалған автобус жолдан шығып, ағашқа соғылған.

"Жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Бұл дерек тіркелді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", – деді Теміртау қалалық полиция басқармасы Шығыс полиция бөлімінің бастығы Талғат Оспанов.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда екі жолаушылар автобусы жол апатына ұшыраған еді. Полиция мәліметінше, SAZ маркалы автобус Абай даңғылының бойымен шығыс бағытта келе жатып, алдында сол бағытта тоқтап тұрған Golden Dragon автобусына соғылған.

Апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір құқық қорғау органдары жол апатына қатысты тергеу жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget