Теміртау тұрғыны кіреберістегі жаңа жылдық шыршаны өртеп жіберген

Теміртау тұрғыны тұрғын үйдің кіреберісіндегі жаңа жылдық шыршаны өртеп жіберген, полицейлер оның жеке басын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде жарияланды. Мәлімет бойынша, өрт жедел сөндірілген, зардап шеккендер жоқ.

Оқиғаға Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір берді.

"Теміртауда тұрғын үйлердің кіреберісінің бірінде жаңа жылдық әшекейлерді қасақана бүлдіру дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды", - деп түсіндірді ведомствода.

Бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеру барысында полиция қызметкерлері бұл әрекетті үйдің 33 жастағы тұрғыны жасағанын анықтаған.

"Қазір оған қатысты "Бөгде мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру" бабы бойынша әкімшілік материалдар жиналып, процесстің шешім қабылдау үшін сотқа жолданады", - деді баспасөз қызметі.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!