Теміржол өткеліндегі апат: 23 тонна пияз шашылды

Ақмола облысында пияз тиеген Volvo жүк көлігі жүріп келе жатқан локомотивпен соқтығысты. Салдарынан шамамен 23 тонна көкөніс шашылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі бағдаршамның тыйым салатын белгісіне қарамастан теміржол өткеліне шығып кеткен. Сол жерде локомотивпен соқтығысқан.

"Полиция қызметкерлері оқиға орнында бірден жол қозғалысын реттеуге кірісіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Олар апат салдары қалыпқа келгенге дейін сол жерде болып, көлік қозғалысын ұйымдастыруға және жолға шашылған жүкті жинауға көмектесті. Қажет жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл жол бөлігінде қозғалыс толық қалпына келтірілді", - деп хабарлады департамент өкілдері.

Жол апатына байланысты тексеру жүргізілді. Жүк көлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Зардап шеккендер жоқ.

Қазақстан Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері елімізде 21 394 жол апаты тіркелген. Онда 30 мыңға жуық адам зардап шекті.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз