- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Темекі шегеді, энергетикалық...
"Темекі шегеді, энергетикалық сусын сатады": "Халал" білім беру ұйымдары атына заты сай ма?
Жақында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепте оқушылардың формасы мен киіміне қатысты бұйрық өзгермегенін айтып, хиджаб киюге рұқсат берілмейтінін атап өтті. Дегенмен, заң бекіткен формаға бағынбайтындардың бір тобы жекеменшік "халал" мектептерде оқуын жалғастыра алады. Себебі халық тарапынан оларға сұраныс көбеймесе, азайған емес. Massaget.kz тілшісі Алматы қаласындағы "халал" білім беру ұйымдарының жұмысымен танысып, бағасы мен ерекшелігін зерттеп көрді.
"Мұндай балабақшаға баламды бермес едім"
Алматыда "халал" атауын иемденген балабақшалар жыл сайын көбейіп келеді. Яғни, олардың ерекшілігі, өздерінің айтуынша, араб тілін оқытып, ислам дінін жастайынан бойына сіңіреді. Тау бөктерінде орналасқан сондай балабақшалардың біріне бас сұқтық. Тәрбиешілердің айтуынша, балаларға халал тамақ беріліп, түрлі ойындар ойнатылады. Мұндағы тәрбиешілердің көпшілігі орамалда екенін байқадық.
"Айт мейрамында, жұма күні сыйлықтар таратылады. Ағылшын, араб тілін меңгеру арқылы тілге құштарлығы арта түседі. Балабақша құны - бір айға 50-80 мың теңге аралығында", - деді олар.
Таугүл шағынауданында орналасқан тағы бір балабақшамен телефон арқылы сөйлесіп, "араб тілін оқытасыздар ма" деген сұрағымызға "келіп сөйлесіңіз" деп қысқа қайырды. Барып білгеніміздей, балабақша бағасы айына - 50 мың теңге. Бұл бағаға үйге жеткізіп салу қызметі, хореография, тамақ пісіру үйірмелері, ағылшын, араб тілдері жатады. Бірақ әлеуметтік желідегі парақшада бұл балабақшаға жағымсыз пікірлер жазылғанын көзіміз шалды.
"Таңертең балабақшаның қасынан өткен сайын балалардың жылаған дауысы, тәрбиешілердің айқайы естіледі. Мұндай балабақшаға баламды бермес едім. Балаларды аяп тұрамын", - деп жазды Олеся Пивнева.
Тіпті, кейбіреулер үшін бұл бизнеске айналған. Мәселен, шоу-бизнестегі жұлдызды жұп Қуаныш пен Қарлығаш та жақында бұрынғы үйін балабақшаға айналдырған.
"Бұрынғы үйімізді бизнеске айналдырдық. Біреуге беріп кетпедім. Балабақша ашып, оған өзімнің әпкемді отырғызып қойдым. Аптасына бір рет өзім барып қадағалаймын. Барлығы да халал. Тамақтары да… Ұл балалар мен қыз балалар бөлек ұйықтайды. Балаларға адал жұмыс істесем, Алла маған өзі де береді. Өзім де алты баланың анасы болған соң, балалармен қарым-қатынас сақталған, шүкір. Қазір өркендеп, тағы да біреуін салып жатырмыз", - дейді әнші Қарлығаш Мырзагелдиева.
"Орамалды қыздар" оқитын мектеп
Халал балабақшадан бөлек мұндай мектептер де бар. Әсіресе, жоғарыда айтқандай, министр мектепке хиджаб киюге рұқсат етпейтін оқушылардың бір тобы осында оқи алады. 1-11-сыныпқа қыз балаларды қабылдайтын жекеменшік мектеп 2020 жылы Білім және ғылым министрлігінің №26 бұйрығымен ашылған.
"Орамалды" қыздар оқитын мектепті біз де барып көріп қайттық. Мектептің екі филиалы бар: бірі Жаңатұрмыс селосында, енді бірі қала ішінде орналасқан. Емтихансыз 1-11 сынып қыз балаларын оқуға қабылдайды. Қаладағы мектептің құны – 1 200 000 теңге, Жаңатұрмыстағы бағасы – 500 000 теңге. Сабақ 8:00-15:00 аралығында жүргізіледі. Балалар түске дейін мектеп бағдарламасымен сабақ өтсе, түстен кейін қосымша үйірмелерге қатысады. Мектептің ерекшелігі - тілге басымдық беріп, гуманитарлық бағытта тереңдетіп оқытады. Бізді таңғалдырғаны араб тілі пәні әр сыныпта негізгі сабақ түрінде өткізіледі. Мұны олар ата-аналар сұранысынан деп түсіндірді.
"Біз діни бағытта оқытатын медресе емеспіз. Орта мектептердегі бекітілген оқу бағдарламасымен жүргіземіз. Тек қосымша робототехника, джи-джитсу, гимнастика, түрік, ағылшын, орыс, корей, жапон, француз тілдері және каллиграфия оқытылады. Оқушыны үйінен алып кетіп, апарып тастаймыз. Сондай-ақ, ата-ана рұқсатымен түрлі жарыстарға, олимпиадаларға қатыстырамыз", - деді мектеп басшысы Айша Сауланқызы.
Мектеп басшысының айтуынша, қыздардың көпшілігі хиджаб оранған. Олар мектепке дейін хиджабпен келеді, ішке кіргенде шешіп тастайды. Себебі, мұғалімдердің барлығы әйелдер. Тек ер адамдар келетін кезде ғана орамалдарын қайта киеді.
"Мектепті ашудағы мақсатымыз - қыздар өзін еркін, жеке тұлға ретінде сезінетіндей дәрежеде мүмкіндік жасау. Ұлттың тәрбиесі, сана-сезімі, тектілік, инабаттылық, соны басты орынға қоямыз. 7-сыныптан бастап таңдау пәндеріне бағыт береміз. Бейінді, бағдарлы бағытқа сілтейміз", - деді ол.
Мектепке ата-аналар тарапынан сұраныс көп. Себебі Жаңатұрмыстағы мектепте орын жоқ. Ал мекеме басшысы қаладағы филиалда да әр сыныпта аз орын қалғанын айтты. Себебі бір сыныпта 16 оқушыдан артық оқытпайды екен.
"Дәретханада темекі шегеді"
Дегенмен, әлеуметтік желідегі ата-аналардың мектеп туралы пікірі екіге бөлінді. Бірі даттап, екіншісі жақтады.
"Баламен дұрыс сөйлесе алмайды. Оқушыларға тең қарамайды. Үлгерімі төмен оқушыларға ілгерілеуге көмектеспейді. Ал үздіктерді жақсы көреді. Тек солармен жұмыс істей береді. Асханаларда энергетик сатады. Бұл баланың денсаулығына зиян екенін білмей ме? Дәретханаларда қыздар темекі шегеді. Мұның бәрін 7-сынып оқитын қызым айтып берді. Содан кейін мектепке жіберуге қорқатын болдым", - деді Асылым Бостандыққызы.
Ал тағы бір қолданушы қымбат сыйлықтар сұрайтынын жазды.
"Ұстаздар Тик-Ток көп қарайды. Білімдерін тексеру керек деп ойлаймын. Қызым бесінші жыл оқып жатыр. Мұғалімдердің туған күндеріне қымбат сыйлықтар сыйласын деп талап қояды", - деп жазған желі қолданушылары.
Ресми мәлімет
Білім басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта Алматыда 214 мемлекеттік мектеп, 99 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Жалпы контингент 320 601 оқушыны құрайды, оның ішінде 28 мың бала жеке мектептерде оқиды.
Алматыда 919 мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары бар, оларда 79 600 бала (194 мемлекеттік, 725 жеке балабақша) білім алады. Бұл туралы Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева айтты.
- Бүгінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте 18 118 бала тұр. Осы мәселені шешу үшін биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 6255 орындық 80 балабақша, оның ішінде 5395 орындық 75 жекеменшік балабақша және 860 орындық 4 мемлекеттік балабақша ашу жоспарланған. Бүгінгі таңда 2630 орындық 47 жаңа балабақша ашылды, оның ішінде 300 орындық 1 мемлекеттік балабақша және 46 жекеменшік балабақша бар, - деді Ләззат Жылқыбаева.
"Форма жай киім деп қарауға келмейді"
"QazBilim" мектебінің басшысы, ұстаз Аятжан Ахметжан бұл тақырып жылда қозғалатын мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, ортақ тәртіпке бәрі де бағынуы керек.
"Мектепте мектептің бірыңғай формасы қатаң сақталуы керек. Форма жай киім деп қарауға келмейді. Ол - тәрбие, ол - мектептегі әлеуметтік теңсіздіктің, ала-құлалықтың алдын алатын басты фактордың бірі. Біріншіден, біз - зайырлы елміз. Әр дін өз киімін білімге араластырмай, нақты ортақ тәртіпке бағынуы керек. Екіншіден, мектеп формасы елде біртұтас болуы керек. Жалпы бірыңғай мектеп формасы деген стандарт толық сақталуы керек. Үшіншіден, адам дін ұстануын толық ақылы толғанда өзі шешуі керек. Бастауыш сыныптың оқушысына хиджап кигізуді ешқандай ақылым қабылдай алмайды екен. Төртіншіден, бала білім алу құқынан айырылмауы керек. Сондықтан қандай да жағдаймен мектепте баласын оқытпай надан еткен ата-аналарға қатаң жаза болуы керек. Жалпы, әлемдегі жағдайларды ескерсек, діни мәселе жай қарайтын мәселе емес. Енді тағы мәселе, жалпы мектепте хиджап мәселесімен күресу елдегі діни мәселені реттемейді. Ол - елдегі идеологиялық жағдайдың салдары. Сондықтан мектептегі киіммен күрес - салдармен күрес. Бұл мәселенің осыншалық деңгейге көтерілуі - елдегі діни жағдайдың көрінісі. Елге ұлттық идеология керек", - деді ол.
"Медресеге барамыз деп айтпаңыз"
Нұр-Сұлтан қаласындағы №65 мектептің басшысы Майра Мырзахметова да осыған қатысты мәселемен бетпе-бет кездескенін әлеуметтік желідегі парақшасында жазған. Оның айтуынша, 7-сыныптағы оқушының анасы баласын медресеге ауыстыру үшін құжаттарын сұраған.
"Жалпы білім беру мекемесі болмаса, құжаттарды бере алмаймыз деп түсіндірдім. Анасы баласының Құран жаттап, діни сауатты болғанын қалағандықтан, "мен өлгенде артымнан Құран бағыштап тұрса" деген ниетінен медресе жарнамасына сенгенін айтты. Медресе қаламыздағы бизнес орталықта ашылған. Ата-ана медресеге шақырып отырған ер кісінің аудиожазбасын тыңдатты. Мектепке "медресеге барамыз деп айтпаңыз, өзіміз осы жақын мектептен ауысу талонын алып береміз" деп айтып тұр. Мені мұндай медреселерді кім ашып жатыр, онда не оқытады, кімдер оқытады деген сұрақтар мазалады. Жарнамасында ешқандай сенімді ақпарат жоқ. Лицензиясы бар ма, жоқ па Құдай біледі? Осылай алданып жүрген қаншама ата-ана бар? Баланы білім, спорт, өнерге қызықтырудың орнына қайда бара жатырмыз, ата-аналар?! Ата-аналар баламыз кім болатынын білмейді, біз де ештеңе айта алмаймыз деп селсоқ, бейжай қарайды. Дінді бала жүрегімен қабылдап, өзі және ұрпағына түсіндіре алатындай болу керек емес пе? Ал, ересектердің баланы бағыттайтын біліміміз болмаса ше? Сансыз сұрақтар күні бойы мені мазалады...Менің түсіндіруімнен кейін ата-ана спортқа бейім баласын мектепте қалдырамын деп алғысын айтып үйіне кетті", - деп жазды ол.
Еске салайық, бұған дейін танымал әншілердің халал балабақша ашқаны туралы жарияланған болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы