- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Телекөпір барысында болат...
Телекөпір барысында болат құю зауыты іске қосылды
Бүгін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен республика көлемінде «Жаңа Индустрияландыру» телекөпірі өтті, - деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Жалпы ұлттық телекөпір барысында Оңтүстік Қазақстан облысында «KARLSKRONA LC AB» ЖШС-нің болат құю өндірісі бойынша салынған өнеркәсіп орны іске қосылды.
Елбасымен тікелей байланысқа шыққан «KARLSKRONA LC AB» ЖШС-і директорының орынбасары Ә.Үсенбаев кәсіпорынның жұмысын баяндады.
– Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Су сорғылары жабдықтарын шығаратын зауытымыз Сізге жақсы таныс. «Жаңа индустрияландыру» бағдарламаңызды қолдау мақсатында, өнімді елде барынша шоғырландыру үшін болат құю өндірісі ұйымдастырылды. Жаңа зауыт арқылы алыс және жақын шет елдерге экспорт көлемін 40 пайызға арттырамыз. Қазір кәсіпорындағы жаңа өндірісіміз іске қосылуға дайын. Құрметті Елбасы! Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері Сіз жастарды қолдап келесіз. Тәуелсіздік аясында еліміз нық аяққа тұрып, келешек ұрпақ үшін толыққанды мемлекет құрдыңыз! Міне, соның арқасында осы зауытта 58 жас маман жұмыс жасауда. Арасында «Болашақ» бағдарламасымен білім алғандар да бар. Сізге өзіміздің алғысымызды білдіре отырып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз! Аса қадірменді Елбасы! Өндірісті іске қосуға рұқсат етіңіз, - деді Ә.Үсенбаев.
Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорын – машина жасау саласында алдыңғы қатарда. Компания Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи технологиямен жабдықталған.
Бадам индустриялды аймағында орналасқан кәсіпорынның жобалық құны 2 млрд теңгені құрайды. Зауыт жылына 3700 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріс орнында 75 адам жұмыспен қамтылған. Ішкі нарықтың 60 пайызын құрайтын кәсіпорын, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Белоруссия секілді елдерге өнімін экспортқа шығаруды жоспарға қойған.
Мемлекеттік «Жаңа индустрияландыру» бағдарламасы аясында іске қосылған зауытта шойын мен болаттан ауыл шаруашылығы техникаларын, машина жасауға қажетті жабдықтар жасалмақ. Сондай-ақ, зауытта әзірленген бөлшектерден жер асты суы, шаймалау әдісі арқылы уран және өзге де сұйықтықты сорып алуға лайықталған сорғылар құрастырылады. Бүгінгі таңда өндірілген өнімдерді өткізу бойынша зауыт жетекшілігі Белоруссиямен келісім-шарт жасап қойған. Осылайша, нарықта «KARLSKRONA LC AB» ЖШС атауымен белгілі серіктестіктің бұл үшінші өндіріс орны деуге болады.
Оңтүстік Қазақстан облысында индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 2010 жылдан бері 145 жоба іске қосылған. Онда былтырға дейін 180 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Құны 225 млрд. теңге болатын жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 13 мыңға жуық жұмыс орны құрылып отыр.
Жалпы ұлттық телекөпір шарасына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңадан іске қосылған кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесіп, зауыттың алдағы өндірістік даму жоспарын талқылады. Жұмысшылармен болған сұқбат барысында аймақ басшысы зауытта шығарылатын өнімдердің сапалы және халықаралық бәсекеге қабілетті болуы қажеттігіне тоқталды.
T. Кіршібаев