Отбасылық психолог Светлана Глаголаның айтуынша, балалар телефон мен компьютерді көбіне пайдалы нәрсе үшін емес, ермек үшін ұзақ қолданады. Ал бұл уақыт өте келе олардың дамуына кері әсер етуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lenta.ru басылымына сілтеме жасап.
Маманның сөзінше, гаджеттің балаға ең үлкен зиянының бірі - аз қимылдау. Себебі жасөспірімдер телефонға үңіліп, ұзақ уақыт бір қалыпта отырады. Соның салдарынан дене бітімі бұзылады, көру қабілеті нашарлайды, тіпті артық салмақ пайда болуы мүмкін. Бұдан бөлек, мұның психикаға да әсері бар.
Психологтің айтуынша, телефонға телмірген баланың ойлау және қабылдау қабілеті толық дамымайды. Өйткені оның назары көбіне жарқыраған көріністер мен жылдам ауысатын бейнелерге үйреніп кетеді. Ал жүйке жүйесі сезімтал болғандықтан, жасөспірімдерде көңіл күйдің күрт өзгеруі, себепсіз ашулану жиілей түсуі мүмкін. Мұның бәрі баланың дамуында тежелуге әкеледі.
Маман Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымын да еске салды. Онда балаларға гаджетті екі жастан бастап қана ұстауға болатыны айтылған. Алайда көп ата-ана телефонды балаға алты айлығынан-ақ беріп қояды. Психологтің айтуынша, тағы бір мәселе - ата-аналар дa телефоннан бас көтермейді. Бала соны көріп, сол әдетті қайталайды.
Оның пікірінше, кішкентай балаларға қатысты мәселе гаджеттің өзінде емес. Негізгі түйткіл - қазіргі ата-аналардың балаларымен уақытты қалай тиімді өткізуді білмеуінде.
"Көп ата-ана бала мазаламасын деп, қолына телефон ұстата салады. Негізі бала әкесімен футбол ойнағанды телефон қарағаннан әлдеқайда жақсы көреді. Бірақ қазір баламен ойнап жүрген ата-ананы сирек көреміз. Сол сияқты, кешке телефон шұқылағаннан гөрі, балаға ертегі оқып берген әлдеқайда пайдалы", - деді психолог.
Маманның айтуынша, бұл мәселенің түбі - күн тәртібі мен балада қалыптасқан әдеттерге байланысты. Сондықтан гаджетке тыйым салумен қатар, оның орнына қызық дүние ұсыну керек. Бала телефонға тәуелді болып кетпеуі үшін ерте жастан бастап бірге жасайтын қызық істерді көбейтіп, оған ұнайтын пайдалы әдеттерді қалыптастыру маңызды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз