Телефон да зарядтауға болады. Ақмолада мектеп оқушылары ерекше жаңалық ойлап тапты

Телефон да зарядтауға болады. Ақмолада мектеп оқушылары ерекше жаңалық  ойлап тапты
Фото: Автордан

Ақмола облысының Бұланды ауданында мектеп оқушылары қол генераторын ойлап тапты. Генератор телефон және басқа да құрылғыларды электр энергиясы жоқ кезде де қуаттандыра алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Балалар Бұланды ауданындағы Никольское ауылындағы №2 орта мектепте оқиды. Сыныптас достар Максим Журавлев пен Асанәлі Әшімов электр жарығы болмаған жағдайда да телефон қуаттауға мүмкіндік беретін генератор жасауды өздеріне көптен мақсат етіпті. Өйткені балалардың айтуынша ауылда өз отбасылары күнделікті үйден қашықта шөп шауып, балық аулап, орманда қысқа азық болатын жеміс-жидек жинайтын кезде телефон қуаттандыру үнемі аса күрделі мәселеге айналады.  

"Информатика пәнінің мұғалімі Артем Цимбалдың басшылығымен қолмен бұрайтын қол генераторын құрастырып шықтық. Оны алыс қашықтыққа алып жүруге де болады. Кез келген жағдайда байланыстан тыс жерде қалмауға мүмкіндік береді", - дейді балалар. 

Балалар ғылыми жобалар сайысының аудандық және облыстық кезеңінде бірінші орын алып, кейін аудандық білім бөлімінің әдіскері Светлана Артемьеваның бастамасымен Бішкек қаласында халықаралық "Біз ХХІ ғасыр зияткерлеріміз" байқауына қатысқан. Байқауда Ресей, Қырғызстан және Қазақстаннан келген балалардың 200-ден астам жұмысы ұсынылыпты. 

Осы байқауда Асанәлі Әшімов пен Максим Журавлевтің қол генераторы "Жаңа теориялық жобалар мен үлгілер" аталымында үшінші орынға ие болған. Жалпы аталған байқауға Қазақстаннан екі Назарбаев зияткерлік мектебі және Бұланды ауданының оқушылары қатысып, екі команда жүлделі орындарға ие болған. 


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы