Теле2 және Bereke Bank: катарлық бизнесмендерге Қазақстан тағы не сатады?

Теле2 және Bereke Bank: катарлық бизнесмендерге Қазақстан тағы не сатады?
Фото: Tengrinews.kz

Катарлық кәсіпкерлер Bereke Bank және Tele-2 мобайл компанияларын сатып алады. Екіжақты келісім қыркүйек айында аяқталады. Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров катарлық инвесторлармен келісімнің жобасын таныстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Келісімде Қазақстан Республикасының аумағында іске асырылатын жобаларға катарлық компаниялар инвестиция салатын шарттар тізбесі көзделген. Құжаттың негізгі мақсаты – телекоммуникация, қаржы, энергетика, мұнай-химия және басқа да салаларда бірлескен жобаларды іске асыру. 

«Келісімде елімізде телекоммуникация, энергетика, газ өндіру және тасымалдау, қаржы салаларын қоса алғанда 9 бірлескен инвестициялық жобаны іске асыру көзделеді, оның ішінде:  BEREKE BANK АҚ-ның 100% акциясын LESHA BANK-тың сатып алуы жөніндегі жобасы. Бұл жоба Мемлекет басшысының 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде қаралған банк саласындағы бәсекелестікті арттыру мақсатында елге 3 сенімді шетелдік банкті тарту тапсырмасының іске асырылуын қамтамасыз етеді. Келісім инвесторлар үшін тәуекелдерді азайтуды, тартымды инвестициялық орта қалыптастыруды көздей отырып, елімізге жалпы сомасы 20 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция тартуға мүмкіндік береді»,- деді министр.

 «МОБАЙЛ ТЕЛЕКОМ-СЕРВИС» компаниясын сату жобасы

 Министрдің сөзінше, жобаны іске асыру қаржы жүйесіне жаңа капитал тартуға мүмкіндік береді.

«Қазақтелеком» АҚ-ның «МОБАЙЛ ТЕЛЕКОМ»-СЕРВИСІН» катарлық Power INTERNATIONAL HOLDING компаниясына сатуы телекоммуникация саласын ырықтандыруға және бәсекелестіктің өсуіне ықпал ететін болады. Катарлық Power INTERNATIONAL HOLDING компаниясының Теле2-ге салған инвестициялары озық технологияларды енгізуге, телекоммуникациялық инфрақұрылымды кеңейтуге және халықаралық стандарттарға сәйкес бизнес-процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді. Келісім қуаттылығы жылына 1, 2.5, 6 млрд текше метр газ өңдеу зауыттарын салу жөніндегі 3 жобаны қамтиды», - деді Ұлттық экономика министрі.

Министрдің мәліметінше, аталған жобаларды іске асыру Қашаған кен орнының ресурстық базасын ұтымды пайдалануға, сондай-ақ елдің ішкі қажеттіліктерін жабу үшін тауарлық газ өндірісін ұлғайтуға бағытталған. Газ өңдеу зауыттарының іске қосылуы жылына 6,9 млрд текше метр тауарлық газды, 410 мың тонна сұйытылған көмірсутек газын, 60 мың тонна газ конденсатын және 770 мың тонна күкірт өндіруге мүмкіндік береді.  

Айта кетейік, Мемлекет басшысының 2024 жылғы ақпандағы Катарға сапарының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы уағдаластықтарды іске асыру үшін ағымдағы жылғы 20 наурызда Доха қаласында келісімге қол қойылды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет