Ақтаудағы балабақшалардың бірінде түсірілген суреттер әлеуметтік желіде тарап жатыр. Мұнда кейбір балалар төсекте емес, еденде ұйықтаған. Сондай-ақ, бір төсекке бірнеше адамды жатқызылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, бұл мәжбүрлі түрде жасалған.
"Балабақша әкімшілігі түсіндіргендей, бұл шара мәжбүрлі түрде жасалған. Мәселен, биыл 5 қыркүйекте балаларды ұйықтатар алдында тәрбиеші жатын бөлмедегі 3 кереуеттің сынып қалғанын анықтады. Балалардың қауіпсіздігі үшін оларды басқа жерге қоюға мәжбүр болған. Сынған жиһаздар сол күні жаңасына ауыстырылды", - делінген хабарламада.
50 орынға арналған "Бесата" жекеменшік балабақшасы биыл көктемде пайдалануға берілді. Қалалық білім бөлімі бұған дейін қаладағы мектепке дейінгі мекеменің әкімшілігі мен қызметіне қатысты ескертулер, шағымдар түспегенін айтты. Сондай-ақ басқармада шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланғандықтан, тексеру жүргізуге құқы жоқ екенін де түсіндірді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз