Текетірес аяқталды ма? Нью-Йорк мэрі Трампты “таңғалдырды”

АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Йорк қаласының жаңа мэрі Зохран Мамданимен Ақ үйде кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақ үй кездесудің видеосын жариялады. Жазбада АҚШ президенті Нью-Йорктің сайланған мэрі Зохран Мамданимен Ақ үйдің Овал кабинетінде кездескені айтылған.

"Керемет кездесу өтті. Шынымен бәрі жақсы, өте нәтижелі болды. Бізді біріктіретін ортақ қасиет бар: өзіміз сүйетін қаланың гүлденгенін қалаймыз", - деп Ақ үй Трамптың сөзін келтіреді.

АҚШ БАҚ-тарының хабарлауынша, ұзақ уақыт бойы текетірескен бұл саясаткерлер алғаш рет камера алдында бірге көрінді. Оның үстіне, Трамп пен Мамдани бір-біріне өзара ықылас танытты.

Дональд Трамп Мамданидің "таңғалдырғанын" айтты. Ол мэрді құттықтап, кейін екі саясаткер қол алысты.

"Ол қылмыс деңгейін төмендетуді, тұрғын үй салынуын және жалдау ақысын азайтуды қалайды. Мен толық қолдайтын дүниелер. Бұл - Нью-Йорк үшін жақсы бастама", - деді Трамп.

Айта кетейік, Трамп пен Нью-Йорктің сайланған мэрі арасында ұзақ уақыт бойы шиеленіскен қарым-қатынас болды: саясаткерлер бір-бірін көпшілік алдында ауыр сөздермен сынаған. Дональд Трамп Нью-Йоркті федералдық қаржыландырудан айыруға қорқытқан, ал Мамдани сайлауда жеңіске жеткеннен кейін Трамп бұл қаланың "егемендігінің бір бөлігін жоғалтқанын" мәлімдеген еді. Жауап ретінде сол кезде әлі мэр болмаған Мамдани Трампты "демократияға қауіп төндіруші" деп атаған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!