Жетісу облысында Текелі қаласындағы мектептердің бірінде 7-сынып оқушыларына ересектерге арналған буклеттер таратылған. Оқу орнында психолог балаларға буллинг, кибербуллинг тақырыбын түсіндіру бойынша жұмыс жүргізген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға Текелі қаласының №8 мектебінде болған. Ата-аналар 7-сынып оқушыларына таратылған буклеттерге шағымданған. Желіде суреттер тарап, ол халықтың наразылғын туғызған. Бұл тіпті ересектер үшін ерсі көрінген.
"Қандай клиент туралы әңгіме болып жатыр?", "Клиент, жұмыс... бұл не? Жезөкшелерге көмек пе, әлде не?" - деп ашуланған Желі қолданушылары.
Жетісу облысы білім басқармасы мәліметінше, 7-9 сынып оқушыларымен жұмыс жүргізіліп, "Буллинг" және "Кибербуллинг" тақырыбында бейнероликтер көрсетілген. Сабақ барысында психолог "қате" буклеттер таратқан.
"Құқықтық апта аясында Текелі қаласының №8 мектебінде 7-9 сынып оқушылары мен кәмелетке толмағандар және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысының, қалалық аурухана психологының кездесуі өтті. Қалалық аурухананың психолог-дәрігері ЖИТС орталығы бекіткен буклеттерді таратқан кезде басқа жас топтарындағы науқастарға арналған буклеттерді қате таратқан. Осы жағдайдан кейін қалалық аурухана әкімшілігі мектеп басшылығымен бірлесіп, ата-аналармен кездесу өткізіп, кешірім сұрады", - деп түсіндірді басқарма өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!