- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Текелі тұрғыны Иван...
Текелі тұрғыны Иван Лавров қазақтың тілін, аңшылық өнерін үйреніп жүр
Жетісу облысында Иван Лавров ителгі баптап жүр. Текелі қаласының тұрғыны бірнеше халықаралық байқауға қатысып, сұңқарының бабы мен бағын сынап көрді. Жас жігітті ұлттық спортқа "Жетісу саятшылары" федерациясының құсбегілері баулып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Иван Лавровтың ителгісінің аты - Жебе. "Жемтігін қағып түсер сұңқар болсын" деп осылай атаған. Ол құсын қорада емес, үйінің ішінде ұстайды. Иван Лавров қазір қазақтың тілін, аңшылық өнерін үйреніп жүр, болашағын да құсбегілікпен байланыстырғысы келеді екен.
"Маған құсбегілік ұнайды. Айналысқаныма бір жыл болды. Сондықтан мен колледжді бітірген соң орнитолог болғым келеді. Келешекте осы спортты дамытуды жоспарлап отырмын", - дейді құсбегі Иван Лавров.
Иван отбасындағы алты баланың төртіншісі. Олар кенді қаланың қақ ортасында тұрса да, жылқы өсіріп отыр. Бие санын короновирус пандемиясы тараған кезде арттырыпты.
"Пандемия кезінде бие байлап, саумал, қымыз іштік. Алты баланы осылай еңбекке баулып жатырмыз. Сондықтан Иван ұлттық спортпен айналысамын дегенде қарсы болған жоқпыз. Өйткені әр адам өмірде өзінің орнын табуы керек. Сол себепті оған қолдау көрсеттік", - дейді Иванның анасы Галина Лаврова.
Иванды құсбегілікке Жасұлан Файзолла баулып жүр. Облыстың бас жаттықтырушысы оны екі бірдей ірі жарысқа алып барды. Ол "Шығыс салбурыны - 2023" халықаралық фестивалінде жүлделі орынға бір табан жақын қалды. Қазір ұстаз бен шәкірт кеткен кемшілікті жою үшін дайындалып жатыр.
"Ваняның қызығушылығы жақсы, сол үшін ертіп жүремін. Кіші құсты үйреніп алған соң үлкен бүркітке үйретіп аламыз", - дейді құсбегіліктен облыстың бас жаттықтырушысы Жасұлан Бүркітбай.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан