“Технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс“ - Тоқаев

Президент технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жаһандық өркениеттің келбетін өзгертетін басты күш ретінде жасанды интеллект бүгінде адамзат өмірінің мәнін қайта саралауға мәжбүрлеп отыр. Бұл – баршамызға үлкен сынақ. Сондықтан біз инженерлер мен басқа да кәсіп иелерін, сондай-ақ, осы технологияның мәні мен даму беталысын пайымдай алатын гуманитарлық сала мамандарының жаңа буынын тәрбиелеп шығаруымыз керек", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, жасанды интеллектіде түрлі қоғамның болмыс-бітімі, дәстүрі, құқықтық нормалары мен адамгершілік қағидалары көрініс табуға тиіс.

"Сондықтан оны дамытуға философтар, әлеуметтанушылар және заңгерлер атсалысатынына сенімдімін. Технология әлеуметтік теңсіздікті ушықтырмауы, азаматтардың мінез-құлқы мен таңдауына манипуляция жасамауы керек. Ол үшін тиімді шаралар қабылдауымыз қажет. Артықшылыққа ие топтар алгоритмдерді пайдаланып, әлдебір құндылықтар мен ойлау моделін қоғамға таңуы ықтимал. Оған жол беруге болмайды. Бұл - әлемнің мәдени әралуандығына қиянат жасау. Технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс. Әділ шешімі осы", - деді Президент.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!