Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде Алматы әкімі Ерболат Досаевтың жұмысына, әсіресе, қаладағы жол жөндеу жұмыстарына қатысты сын-пікірлер көбейіп кетті. Massaget.kz тілшісі халық наразылығына шолу жасады.
"Бордюр ауыстырудан бәйге болса, біздің әкімдер бірінші орын алар еді"
Танымал журналист Нұрсейіт Жылқышыбай қаладағы кептелісті сынап, мұның себебін жол жөндеу жұмыстарымен байланыстырған. Тіпті әкімдер арасында жолдағы бордюрлерді ауыстыру бойынша жарыс болса, Досаев бірінші орын алатынын жазған.
"Әл-Фараби көшесінің бойы қырғын кептеліс. Екі метр жерді итең-итеңмен бір сағат жүрдік. Сөйтсек, қала әкімі Досаев бордюр ауыстырып жатыр. Осы біздің Алматының шопырлары бордюрмен емес, тасжолмен жүруші еді ғой. Бұлары несі? Шіркін, бордюр ауыстырудан әлемдік бәйге болса, біздің әкімдер бірінші орын алар еді. Ендігі Бордюрбегіміз Досаев мырза!", - деді ол әлеуметтік желіде.
Мұндай пікірді Станислав Глазков та білдіріпті. Ол шенеуніктің жақын арада отставкаға кетуі мүмкін екенін де топшылаған.
"Желіде Алматы әкімі Досаевтың отставкаға кетуі туралы петиция танымал болып жатыр. Жақында бұл нәрсе болады! Бірақ ақпараттық қысымның нәтижесінде емес! Шешім сәуірде қабылданды. Досаев бұл туралы біледі! Ал біз қайдан білеміз? Себебі жаппай жол жұмыстары басталды. Өйткені ақпанда әкімдік тек шұңқырларды жөндеуді ұсынды. Содан кейін Розыбакиев жасалып, Абай мен Әл-Фарабиге кірісті", - деді ол.
"Досаевқа басқа ермек тауып беріңдерші"
Журналист Динара Мыңжасарқызы да әкімге қатысты наразылығын білдіріпті.
"Жап-жақсы, тегіс жолды неге жасай береді? Әл-Фараби даңғылында несі бар? Досаевқа басқа ермек тауып беріңдерші", - деді ол Желіде.
"Такси үш есе қымбаттады"
Журналист Евгений Дробязко да ашық наразылыған білдіріп, әкімнің отставкаға кетуін талап еткен.
"Жұмысқа дейін такси үш есе қымбаттады. Бұл түсінікті, кептеліске байланысты сапар уақыты сол деңгейде өсті. Орталықта Абайдың төменгі жағы жабылды (Абылай хан маңында), көліктер Фурмановқа ағылды, ал ол жерде бағдаршам дұрыс бағдарланбаған, солға бұрылу үшін бағдаршам үш секунд жанып тұр. Осыған дейін үнсіз қалдым, бірақ енді айтамын: Досаев, кетшиш, болды! Кет деген де ит те кетеді ғой!" - депті ол.
"Сорақылықты үйіңізде жасаңыз"
Мұндай пікірді белсенді Санжар Боқаев та келтірген.
"Досаев отставкаға кетсін! Қала - тірі организм. Оны кәсіби түрде басқару керек", - деді ол.
Боқаевтың пікірінше, әкімдердің тағайындалуына қатысты өзгеріс керек.
"Қалада не болып жатыр? Қытай плиткаларын жабыстыру үшін ғасырлар бойы төселген табиғи тастарды алып тастауға қалай батылдарыңыз барды? Мұндай сорақылықты үйіңізде жасаңыз, Досаев мырза. Плиткалар бұзылады, оларды үнемі өзгерту керек. Бұл - салық төлеушілердің қалтасынан кететін жылдық шығын. Жыл сайын қала нашарлап бара жатыр. Тоқаев мырза, барлық өркениетті елдегідей өз әкімдерімізді таңдауға құқығымыз болуы керек", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!