- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тегін тестер авторы....
Тегін тестер авторы. Опа-далап патшайымы туралы не белгілі?
Опа-далапқа әуес адамдардың арасында Эсте Лаудердің есімі танымал. Алайда бұдан 100 жыл бұрын дүниеге келген әйел қалай жетістікке жетті? Сұлулық дүкендеріндегі тестерлерді кім ойлап шығарған? Massaget.kz тілшісі бұл туралы "Қайталанбас тұлға" айдарында баяндайды.
Жозефина Эстер Ментцер – америкалық кәсіпкер, әлемге танымал компаниясының негізін қалаушы.
Ашық дереккөз
Эсте 1908 жылы америкалық еврейлердің отбасында дүниеге келеді. Бала кезінен крем мен иіссуға әуес болған қыз 6 жасқа толғанда олардың үйіне Джон Скотц есімді дерматолог ағасы келіп қоныстанады. Дәл осы ағасының арқасында Эсте бетке арналған кремнің 4 формуласын ойлап тапты.
ХХ ғасырдың басы еврей халқына тек Америкада ғана емес, бүкіл әлемде қиынға соқты. Сол үшін кейіпкер өзін еврей емес, бай отбасынан шыққан адам ретінде таныстыратын.
Эсте ханым 1930 жылы Джозеф Лаутерге күйеуге шығып, оның тегін алады. О баста Лаутер болған отбасы тегінің бір әрпін өзгертіп, Лаудерлерге айналады. Әйел 1933 жылы алғашқы компаниясын құрады.
Одан кейінгі 10 жыл ішінде Эсте бала туып, күйеуімен ажырасып, оған қайта күйеуге шығып, екінші баласын дүниеге әкеліп үлгереді. Ал 1946 жылы әлемге атағын шығарған компания құрылады.
Бүкіл әлемге танымал бренд қалыптастырған әйел туралы бірнеше қызық факт бар.
Тегін тестер авторы
Қазір кез келген дүкенде тауарға арналған тестерлер бар. Осы тестерлердің авторы – Эсте Лаудер. Ол тұтынушыларға тегін макияж жасау идеясын ойлап тапты. Бұл шешім кез келген жарнамаға қарағанда тиімді болды.
Жай ғана кәсіпкер емес, мықты маркетолог
Қазір өз тауарын жарнамалап, нарыққа шығарғысы келетін кәсіпкердің маркетолог маманы бар. Ал Эсте Лаудер өз өнімін халыққа ұсынудың қызық әрі қайталанбас жолдарын таба білді. Мәселен, бірде ол Париждегі дүкендердің бірінде иіссу құйылған құтыны "сындырып" алады. Оның иісі бүкіл дүкенді алып кетеді. Ал бұл қадам дүкендегі тұтынушылар назарын аударады.
Сурет: © wikipedia.org/Library of Congress Prints and Photographs Division
Бір қызығы, кәсіпкер әйелдерге қажетсіз тауардың сатылғанын қаламаған.
"Әйелдерге олар қаламайтын немесе қажетсіз нәрсе сатпаңыз", – деген ол.
Эсте Лаудер компанияда жұмыс істеуге үміткерлермен жеке кездесетін. Оның кәсібі үлкен корпорацияға айналса да, ол әр қызметкермен танысқысы келетін.
"Мен олардың түйіндемелеріне қарамаймын. Маған адаммен арақатынас маңызды", – деді Эсте 1969 жылы Boston Sunday Globe газетіне берген сұхбатында.
Эсте Лаудер гүлді қатты ұнатқан. Бұл туралы ол 1980 жылы House& Garden журналына берген сұхбатында айтқан.
theoutlook.com.ua
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек