Мемлекеттік медициналық мекемелер мен көпшілік жеке клиникалар МӘМС жүйесі бойынша жұмыс істейді. Бұл жүйе бойынша, косультативтік-диагностикалық қызметті күту мерзімі қанша? Бұл сұраққа медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының қызметкері Шынар Әлжанова жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тегін медициналық көмекке наразылық білдіретін адамдар көп. Мысалы, мемлекеттік медициналық мекемеге барғанда дәрігер УДЗ түсуге кеңес береді. Кейде мұндай қызмет ол мекемеде болмай шығады, болса да кезекке тұрып, 1 ай күту керек болады. Науқас ауырып тұрғасын жақын жердегі ақылы клиникаға бара салады. Мұндай жағдайда не істеу керек?
"Ережеге сай, консультативтік-диагностикалық қызметті (КДҚ) күту мерзімі - 10 күнге дейін. Егер емхана қызметті көрсете алмаса, науқасты келісім-шарт бойынша басқа медициналық ұйымға жіберуі керек. Сұрақты шешу үшін әр медициналық ұйымда жұмыс істейтін науқастарды қолдау қызметіне жүгіне аласыз. Сондай-ақ 1406 колл-орталығына телефон шалу, Qoldau 24/7 қосымшасы және fms.kz ресми сайты арқылы медициналық сақтандыру қорының көмегіне жүгіне аласыз", - деді Шынар Әлжанова.
Ал егер адам тегін медициналық көмекке мүлдем жүгінбесе, МӘМС-ке аударған жарнаны жинауға бола ма және ондағы ақшаны алуға бола ма? Бұл сұрақтардың жауабын мына жерден оқи аласыздар.