Жұмыс орны әр қызметкер үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) жарна төлейді. Мемлекеттік медициналық мекемелер мен көпшілік жеке клиникалар осы МӘМС жүйесі бойынша жұмыс істейді. Десе де, тегін медициналық көмекке наразылық білдіретін адамдар көп. Сондай-ақ, тіпті, бұл қорға ай сайын бөліп отырған қаражатын қолданбайтындар да бар. Осы орайда, егер адам тегін медициналық көмекке мүлдем жүгінбесе, ондағы ақшаны жинауға бола ма және оны алуға бола ма деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының қызметкері Шынар Әлжанова жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаржыны дербес шотта сақтауға бола ма?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі ортақ жауапкершілік негізінде жұмыс істейді. Азаматтардың ақшасы дербес шотқа салып жинақталмайды. Түскен қаражат жалпы бір шотта сақталады және сол жыл ішінде медициналық көмекке жүгінген азаматтардың еміне жұмсалады. Бұл жүйеде де ақы жеке меншік медицинадағы сияқты дәрігерге қаралуға деген қажеттілік туындаған кезде төленеді.
Сонымен қатар, қазақстандық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтер болжанған түсімдерге қарай сатып алынады. Бұл Қордың түсімдер мен міндеттемелер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету міндетін жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Дегенмен әр азамат дербес тіркеуге алынады. Яғни, әрбір сақтандырылған тұлға туралы дерек мәліметтер базасында сақталады. МӘМС жүйесіне жарна төленген-төленбегенін білу үшін Қормен келісімшарт бекіткен ауруханаға немесе емханаға (клиникаға) барған кезде ЖСН көрсету қажет.
Неліктен қаржыны жинауға мүмкіндік жоқ?
Қазақстан жинақтау жүйесінен бас тартып, ортақ жауапкершілік принципіне негізделген жүйені таңдап алды. Себебі төленетін сақтандыру жарналарының мөлшері көп емес және бір адамның жинақтаған ақшасы медициналық қызметтің негізгі деген түрлерінің ақысын төлеуге де жетпейді.
Қарапайым мысал: 2023 жылы ай сайын 1 адамға есептелген жарнаның ең жоғарғы мөлшері 3500 теңге. Бір жылда 42 мың теңге жинақталады.
Ал, кең таралған өкпе қабынуы (пневмония) сынды сырқатты емдеуге кететін шығын 100 мың теңге, физиологиялық босандыру (жүктілік кезеңі қалыпты болған жағдайда) 82 мың теңге, аортокоронарлық шунттау 1,8 млн теңге.
Жинақтау жүйесінде азаматтар медициналық қызмет ақысын өзі төлеген жарна есебінен төлей алмас еді. Ал, ортақ жауапкершілікке негізделген жүйеде қаржы ортақ шоттан алынады және Қордың тапсырысы негізінде төленеді.
Егер сіз дәрігердің көмегіне жүгінбеген болсаңыз, бұл ақша жоғалып кетті дегенді білдірмейді. Сіз үшін төленген жарна сіздің жақындарыңызды немесе ауруханада жатқан өзге де отандастарымызды емдеуге жұмсалады.
Профилактика (алдын алу) МӘМС жүйесінің негізі болып табылады. Егер адамдар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикаға мән беретін болса, аурудың асқынып кетуі және жазылмайтын сырқатқа шалдығу қаупі азаяды. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 2,7 млн адам ауруханаға түседі және соның 70 пайызы дәрігер көмегіне ауруы әбден асқынғаннан кейін жүгінгендер.
Ел азаматтығынан шығып кеткен жағдайда немесе шетелге ұзақ уақытқа көшіп кеткенде қорға жинақталған қаржыны жақын-туыстарына мұраға қалдыруға бола ма?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне төленген қаржы жинақталмайды және оны пайдаланбаған жағдайда "шешіп алуға" болмайды.
Егер азамат бір жыл ішінде медициналық қызметтерді пайдаланбаса, жинақталған қаржы күйіп кете ме және ол келесі жылы тек өзі жинақтаған сома көлемінде ғана көмек ала ала ма?
МӘМС жүйесінде сақтандыру сомасына лимит қойылмайды. Яғни, науқас емдеу құнына және төлеген жарнасының көлеміне қарамастан көмекті қажетінше ала алады. Жүйенің жеке меншік сақтандырудан артықшылығы да осында. Алайда қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін медициналық қызметтер болжанған түсімдердің көлеміне қарай сатып алынады. Бұл Қордың түсімдер мен міндеттемелер арасындағы балансты қамтамасыз ету міндетін жүзеге асыруына мүмкіндік береді.