“Тегін дүниедей әуестеніп алдық“. Қазақстан кімдерге және қанша қарыз?

2024 жылы депутаттар Қазақстанның қарыз алғыш әдетін ашық сынады. Бюджетте де тапшылық бары айтылды. Massaget.kz тілшісі Қаржы министрлігіне ресми сауал жолдап, Қазақстанның қарызы туралы сұрады.

Қазақстанның мемлекеттік қарызының жалпы көлемі қанша?

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік борышы - 30,5 трлн теңге (63,7 млрд АҚШ доллары). Ал жалпы ішкі өнімге қатысты үлесі - 22,6 пайыз.

Midjourney

Мемлекеттік қарыз деген не?

Мемлекеттік қарыз - Үкіметтің адамдардан, компаниялардан, халықаралық ұйымдардан немесе басқа елдерден алатын ақшасы, оны белгілі бір мерзімде пайызбен қайтару қажет. Елдің мемлекеттік қарызы неғұрлым төмен болса, оның экономикалық жағдайы соғұрлым тұрақты болады. 

Мемлекеттік қарыз ұлттық немесе кез келген басқа валютамен, оған қоса жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) пайызымен өлшенеді.

Мемлекеттік борышқа не жатады:

  • Қазақстанның Үкіметтік борышының мөлшері - 28,8 трлн теңге (60,1 млрд доллар), оның ішінде ішкі қарыз - 21,6 трлн теңге (45,0 млрд доллар), сыртқы қарыз - 7,2 трлн теңге (15,1 млрд доллар).

Ішкі мемлекеттік борыш - Үкіметтің, Ұлттық банктің және әкімдіктердің Қазақстан резиденттері алдындағы ішкі мемлекеттік қарызы.

Сыртқы мемлекеттік борыш - Үкіметтің, республикалық маңызы бар қала әкімдігінің және Ұлттық банктің Қазақстан резиденттері емес тұлғалар алдындағы сыртқы мемлекеттік қарыздары және басқа да борыштары.

  • Қазақстанның Ұлттық банкінің ішкі борышы - 0,5 трлн теңге (1,0 млрд доллар);
  • Жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктердің ішкі борышы - 1,2 трлн тенге (2,5 млрд доллар).

Midjourney

Қазақстан кімдерге қарыз?

Мемлекеттік сыртқы қарыз 60 пайызға жеткен. Оның ішінде халықаралық қаржы ұйымдары алдындағы борыш мынадай:

  • Халықаралық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Азия Иифрақұрылымдық инвестициялар банкі - 36 пайыз,

Ал шет мемлекеттердің үкіметтік ұйымдары алдындағы борышы мынадай:

  • Араб Экономикалық Дамуының Кувейттiк Қоры, Жапония Халықаралық Ынтымақтастық Агенттігі, Германия Үкіметінің Кредиттік агенттігі, Қытай Эксимбанкі және шетелдік коммерциялық банктер - 4 пайыз.

Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

2024 жылы бюджет тапшылығын қалай жаптық?

Ресми жауапқа сүйенсек, 2023 жылы республикалық бюджет тапшылығы ішкі қарыз алу есебінен жабылған. Ал 2024 жылы бюджет тапшылығы ішкі қарыз алумен қатар сыртқы қарыз арқылы жабылған:

  • сыртқы нарықта 2,5 млрд доллар сомасында еуробондтар шығарылды;
  • Азия даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі және Халықаралық қайта құру және даму банкімен жалпы сомасы 1,3 млрд АҚШ доллар көлеміндегі қарыз туралы келісімдерге қол қойылған.

Анықтама: Құнды қағаздың бірнеше түрі болады. Әлемдік тәжірибеде облигациялар үшін "бонд" сөзі қолданылады. Еуромен орналасқандарын "еуробонд" дейді.

Қарыз көлемі қанша шектен асқанда экономикаға қауіп төнеді? 

2030 жылға дейін мемлекеттік борышқа рұқсат етілген шектер бар. Олардың көлемі мынадай:

  • мемлекеттік борыш ЖІӨ-ге қатысты 32 пайыздан аспайды.

Айта кетейік, қазір жалпы ішкі өнімге қатысты мемлекеттік борыштың үлесі - 22,6 пайыз.

  • үкіметтік борыш ЖІӨ-ге қатысты 27,5 пайыздан аспайды. 

depositphotos.com

Қазақстан неліктен қарыз ала береді?

Министрлік Бюджет кодексінің 205-бабына сүйеніп, Үкіметтің қарыз алу себебін былай түсіндірді:

  • республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру мақсатында;
  • борыштық құралдардың ішкі нарығын дамытуға жәрдемдесу мақсатында.

"Үкіметі бюджет профициті кезінде үкіметтік борышты қайта қаржыландыру үшін қарыз ала алады", - деп жазылған жауапта.

Анықтама: Бюджет профициті - кірістің шығыстан асуы.

Алынған қарыз қайда жұмсалып жатыр?

Қаржы министрлігі өз жауабында Үкімет қарызды бюджеттік бағдарламаларды уақытылы қаржыландыру үшін алатынын мәлімдеді.

depositphotos.com

"Түбі қайтарамыз, бірақ қалай қайтарамыз?" Депутаттардың сыны

2024 жылы Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Үкімет қаржыны дұрыс жоспарлай алмай отырғанын, қарыз алу мақтанатын жағдай емес екенін айтты.

"Жапониядан төмен пайызбен 15 жылға қарыз аламыз деп жатырмыз. Бұл мақтанатын жағдай емес. Бюджеттің тапшылығын жабу үшін 3,6 триллион теңге қарыз алып жатырмыз. 600 миллиард теңгесін шетелден алып жатырмыз. Шығын көп, кіріс аз. О баста айтылған, 3 триллион теңге көлемінде жоспарланған салық бюджетке биыл да түспеді. Ең қызығы, бізде ешкім жауап бермейді. Дұрыс жоспарлау жоқтығын айтып отырмын. Келесі жылы "міндеттемені тағы да орындай алмаймыз, тағы да қарыз алатын болдық" деп ратификацияны құшақтап келесіздер", - деді ол.

Депутат бюджетті тиімсіз жоспарлау бойынша жауапкершілікті күшейтуге шақырды.

"Осы уақытқа дейін бірде-бір адам жауапқа тартылды дегенді естімедік. Ешкім жауап бермейді. Қазір банкке барып, несие алсаң, төлей алмасаң, үйіңді, пәтеріңді тартып алады. Сондықтан Үкімет күндіз-түні ұйықтамай жұмыс істеп, батыл қадамдарға барып, жауапкершілікті мойнына ала білуі керек. Қарыз алудың да артында парызы бар. Түбі қайтарамыз. Бірақ қалай қайтарамыз?" - деп сұрады депутат Мәжіліс отырысында.

Анықтама: Былтыр Мәжіліс Азия Даму банкімен арадағы қарыз туралы келісімді ратификациялады. Азия Даму банкі Қазақстанға 2027 жылғы 1 маусымға дейінгі жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 52,3 миллиард йен сомасында 15 жыл өтеу мерзімімен қарыз бермек. 

Кейін Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров та сыртқы қарыз болашақта қандай қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

"Бюджет тапшылығы тек Қазақстанда емес. Бірақ біздің Үкіметіміз биылдан бастап ішкі және сыртқы қарызды алуға әуестеніп келе жатыр. Яғни ертең тенденцияға айналуы ықтимал. Дүниежүзілік дағдарыс болса, ішкі және сыртқы қарызды қалай қайтарамыз деген сұрақ туады. Бүгіннің өзінде Қазақстанның жалпы мемлекеттік қарызы 63 миллиард болды. Соған қосымша 600 миллиард теңгені алып жатырмыз. Келесі жылдың бюджетінде тағы 4 триллион ішкі қарыз тұр. Үкімет ішкі қарыз деп бізді басады. Бірақ ішкі қарыз бен сыртқы қарыздың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Екеуі ертең біздің бюджетке үлкен салмақ болып түскен кезде біздің еліміздің экономикалық өсімі азаятыны сөзсіз", - деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз