Астанада донерге талон таратқан мекеме иесіне айыппұл салынды. Ақпаратты елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде елордадағы Шұбар ықшамауданында халықтың көптеп жиналып, дүрбелеңге түскенін көрсететін видеолар пайда болды.
Instagram-дағы жазбалардың бірінің авторы бір жерге төрт мыңға жуық адам жиналғанын алға тартады.
Полиция мәліметінше, 25 қыркүйекте мекеменің ашылуы мен жеңілдікпен донер алуға арналған талондарды тарату кезінде халық жаппай жиналып, дүрбелең болған.
"Жағдайды реттеу және дүрбелеңді басу үшін полиция қызметкерлері мен Есіл ауданы әкімдігінің өкілдері келді. Полицейлер іс-шараны ұйымдастырушыларды анықтады", – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Талон таратқан мекеме иесі 73 840 теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз