"Тегін той басқаруға дайынмын". Танымал шоумен сұранысқа ие болудың сырымен бөлісті

Танымал асаба, шоумен Руслан Ысқақ 13 жылдық той басқару тәжірибесімен бөлісіп, сұранысқа ие маман болудың сырын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Асаба Руслан Ысқақ өзінің туған күн кешінде журналист Анна Данченкоға берген сұқбатында қазіргі асабалар өзімен жұмыс істемейтінін айтып, сынады. 

"Мен өзімнің қателіктеріммен көп жұмыс істедім. Қазіргі асабалардың деңгейінің төмендігін неден байқайтынымды айтайын. Себебі олар өздерімен жұмыс істемейді. Лайфхактар өте көп. Менің өз тәжірибемнен айтатын болсам, біз интернет, YouTube жоқ кезде той саласына шыққан адамдармыз. Әркім өзі жүргізген тойды тойдан кейін міндетті түрде көруі керек. Айда он той басқарды ма, кем дегенде бесеуін қарап шығуы керек. Бүкіл 6 сағаттық тойдағы бүкіл қателігіңді, түймеңді ұстадың ба, микрофонды қате ұстадың ба, біреуге ерсі қылық көрсеттің бе, белден төмен әзіл айттың ба соның бәрін көруің керек. Солай қателіктермен жұмыс істеу арқылы мен өте қысқа уақытта жетістікке жеттім. Менімен бірге бастаған жігіттер әлі күнге дейін сол бір деңгейде келе жатыр", - деді Руслан Ысқақ. 

Журналист Анна Данченко асабадан танымал болу және үлкен сұранысқа ие болудың құпиясын сұрады. 

"Оның бір ғана сыры бар - жұмысыңды жақсы көру. Өмірдегі адамдық пен жұмыстың ішіндегі адамдық бар. Жақсы адам мен жақсы маманды шатастырмау керек. Мен мүмкін жақсы адам емес шығармын, кейбір сәтте досқа берік емес шығармын, кейбір сәттерде мінезім қатты шығар, бірақ жұмыстың маманы ретінде өзімді өте мықтымын деп айта аламын.  Халық солай бағасын берген, себебі мен өз жұмысымды өте қатты жақсы көремін. Жақсы көретінім сондай бір сенбім бос қалса, тегін той басқаруға дайынмын. Өз ісімнің өте қатты фанатымын", - деп ағынан жарылды асаба. 

Айта кетейік, Руслан Ысқақ Анна Данченкоға берген сұқбатында Әбдіжаппар Әлқожа қамалған сәтте жанында болғанын, сондай-ақ Қайрат Нұртасты қамаудың өте үлкен қателік екенін айтқан болатын. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!