Тегін балмұздақ, көбік шоу: Түркістанда жағажай маусымы ашылды

Түркістан қаласында облыстық мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен "Шаға" жағажайының жаңа маусымы ашылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жағажайдың ашылуында балаларға арналған түрлі ойындар ұйымдастырылды, тегін балмұздақ таратылды. Сонымен бірге көпшіліктің қатысуымен түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұсынылып, байқаулар өтті. Онда DJ Estrella музыкалық бағдарламасының сүйемелдеуімен Drop Entertainment, "Айла" дуэті, "Нұрсезім" триосы және "Шашу" би ансамблі өнер көрсетті.

Сонымен қатар, кештің арнайы қонақтары Argonya, Африкалық әншілер тобы және Қожахмет Аманбаев қала тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлады.

Бұрын-соңды суға шомылатын айдын болмаған соң оны көруге келген жұрттың қарасы қалың. Солардың бірі - Саракүл Аманбаева.

"Күн ыстық. Балалар демалыста. Ертелі-кеш үйге сыймайды. "Қайда апарып, көңілдерін ауласақ екен?", - деп жүр едік. Жақсы болды. Бәріміз келіп, бүгін тамаша концерт көріп, суға түсіп, мәре-сәре боп жатырмыз. Түркістан күн санап дамып жатыр. Міне, бұл жағажай да соның арқасында салынды. Ұйымдастырушылардың бәріне рақмет", - дейді ол шексіз ризашылық білдіріп.


Жалпы, жағажайға мыңнан астам адам сыяды. Жұмысын алғаш бастаған күннің өзінде оған 200-ге жуық адам келді. Тереңдігі 3 метр көлге түсуде жасқа шектеу жоқ, тек белгілі бір аумақтан аспау керек. Жағажай аумағында қауіпсіздік шаралары толық сақталған.

Кеш жүргізушілері жайдарманшы Нұрым Досбол мен Наурыз Рсымов жиналған қауым арасында түрлі сайыстар ұйымдастырып, арнайы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, балаларға арнайы көбік шоуы мен аниматорлар шоуы ұйымдастырылды.

Айта кетейік, "Шаға" жағажайы былтыр ашылған болатын. Ресми лентасы қиылған кезде 3 мыңға жуық демалушыны қабылдаған. Туристік жағажайдың жалпы ауданы 81 гектар. Ал суының сыйымдылығы 2 жарым миллион текше метр. Мұнда тек суға түсіп қана емес, футбол, волейбол ойнауға да мүмкіншілік бар. Сондай-ақ катамарандар да келушілерге қызмет көрсетіп жатыр.

Түркістанның іргесіндегі Шаға елді мекенінде орналасқан су айдынының биылғы ашылуы екі-үш күнге ұласады деп жоспарлануда.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!