Тегеран АҚШ пен Израильмен бітімге келуден бас тартты

Тегеран АҚШ пен Израильмен бітімге келуден бас тартты
Фото: depositphotos.com

Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Киодо агенттігіне берген сұхбатында Тегеран АҚШ пен Израильмен атысты тоқтатуға келіспейтінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РИА Новости-ге сілтеме жасап.

"Біз атысты тоқтату деген ұсынысты қабылдамаймыз. Соғысты барлық тарап толық тоқтатқанын қалаймыз", - деді ол.

Иран дипломатының айтуынша, Тегеран уақытша бітімге емес, қақтығыстың түпкілікті реттелуіне қол жеткізуді көздеп отыр.

Сондай-ақ, Аракчи Иран Жапониямен байланысты кемелердің Ормуз бұғазы арқылы өтуіне "жапон тарапымен кеңескеннен кейін" рұқсат беруге дайын екенін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселе екі ел арасында талқыланып жатыр.

Таяу Шығыс елдеріне Жапонияның шикі мұнай импортының 90 пайыздан астамы тиесілі.

Бұған дейін Al Jazeera телеарнасының эфирінде Аракчи Тегеранның АҚШ пен Израильге қарсы соғыста шегінбейтінін мәлімдеген. Ол Иранның саяси жүйесі мықты екенін және жоғары лауазымды тұлғалардың қаза болуы елді әлсіретпейтінін атап өтті.

Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Иранда институттар жеке тұлғаларға тәуелді емес екенін, тіпті ең жоғары деңгейдегі көшбасшы жоғалған жағдайда да жүйе жұмысын жалғастыра беретінін айтты.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы 28 ақпанда басталып, үшінші аптаға созылып отыр. Осы уақыт бойы тараптар бір-біріне соққы жасап жатыр. Тель-Авив өз мақсаты ретінде Тегеранның ядролық қаруға қол жеткізбеуін атады. Вашингтон елдің әскери әлеуетін жоятынын айтып, азаматтарды билікті құлатуға шақырды. Ал Иран өзін қорғауға дайын екенін мәлімдеп, келіссөздерді қайта жандандырудың әзірге мәні жоқ екенін атап өтті.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget