ТБС иесі адам өліміне әкеп соқтырған жол апатынан кейін жазаланды

Қостанай облысында 2024 жылғы тамызда қайғылы жол апаты тіркелді. Mercedes-Benz автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып, зардап шеккен адам оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші апатты болдырмау үшін шұғыл тоқтауға тырысқанын айтқанымен, тежегіштің іздері оқиға орнынан табылмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Тергеу барысында көліктің тежегіш жүйесінде айтарлықтай ақау болғаны анықталды: дөңгелектерінің бірінде тежегіш дискісі жоқ болып шықты. Бұл тежеу тиімділігін күрт төмендеткен.

Айта кетейік, апатқа дейін бес күн бұрын бұл көлік міндетті техникалық байқаудан өткен. Көліктің тежегіш жүйесіндегі анық ақауларға қарамастан, оған жарамды деген рұқсат берілген.

Осыған байланысты жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот оны екі жылға бас бостандығынан және бес жылға жүргізуші куәлігінен айыру туралы шешім шығарды. Сонымен қатар техникалық байқауды жүргізген кәсіпкер де жауапқа тартылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!