“Тазы қазір трендте“. Асыл тұқым иелері иттер туралы не дейді?

“Тазы қазір трендте“. Асыл тұқым иелері иттер туралы не дейді?
Фото: Болат Айтмолда

Тазы – қазақ халқының ұлттық қазынасы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл иттерге ерекше ықылас танытады. Осыдан екі жыл бұрын мамандар будандастыруға байланысты таза тұқымды тазы қалмауы мүмкін екенін айтқан еді. Tengrinews.kz тілшілері қазіргі жағдай туралы таза тұқымды иттердің бірнеше иесімен сұхбаттасты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ернар 15 жылдан бері тазы өсіріп келеді. Оның айтуынша, бұл тұқыммен бала кезінен таныс болған. Әкесі аң аулау үшін тазы асырап бастаған. Ернар есейгенде, сол уақыттағы қомақты ақшаға – 100 долларға екі тазы күшігін сатып алды. Ер адамның айтуынша, бұл кездері елімізде таза асыл тұқымды тазыны баптайтындар аз болған. Қазір Алматыда ер адамның үйінде 15 ит пен 5 күшік бар.

"Тазыны өсіріп, бағып-қағатын ұйымның бір мүшесіміз. Иттерді ертіп, достарыммен бірге тауда жиі жаттығамыз. Қыста олармен бірге қоян мен түлкі аулаймыз. Қазір тазыға деген қызығушылық пайда болды, асыл тұқымды президент қолдағаннан кейін тіптен артты. Мен үшін бұл тұқым аңшылық түйсігімен бағалы. Осы жылдар аралығында 25-30-ға жуық күшік дүниеге келді. Будандастыру түрлі болуы үшін жаңаларын сатып аламын. Қазір тазы күшігінің бағасы орта есеппен 50-100 мың теңге шамасында. Мен бұл көрмеге үш ит әкелдім – еркек Тұлпар мен екі ұрғашы – Көк дауыл мен Қарагөз".

Нестер Курджиди бала кезінен тазыға ғашық болғанын айтады. Алғашқы иттерін әкесі сыйлаған. Қазір Нестер тазы тұқымын кәсіби түрде өсіреді. Сондай-ақ мұндай көрмелерге үнемі қатысып тұрады.

"Мен Алматы облысының Панфилов ауылында тұрамын. Иттерді меншіктегі арнайы қоршауда ұстаймын. Қыста, күн суытқанда олар үшін арнайы жылытқыш қоямыз. Иттер күшік кезінен бірге, сондықтан бір-біріне агрессив емес. Әрине, ортаға жаңа ит қоссақ, кейде қырқысып жатады, бірақ бұл – жайлы тұқым. Иттерімнің арасында жаныма жақыны – Зимаран. Қазір ол жетіде, бірақ ол ұзақ уақыт бойы будандастыруда негізі еркек тұқымдасы болды, күшіктің көбі осы иттен. Қазір жасына қарай демалыста. Жақсы бапталған тазылар шамамен 15 жыл өмір сүреді", – деді Нестер Курджиди.

Ер адамның айтуынша, тазы баптаушылар тұқымды ресми деңгейде мойындатуға ұзақ уақыт жұмсаған. Федерация тазы иттерін тіркемес бұрын оларды баптайтын адамдар тұқымға тән сыртқы белгілеріне қарай күшіктерді өз бетінше іріктеп, олардың ең жақсы қасиеттерін дамытып, тұқым тазалығын сақтауға тырысты.

"Барлық итті жүгірту үшін үнемі жаттығуға шығарамын. Егер ит аң аулай алмаса, біз оны ұстамаймыз. Аң аулай білу – тазы үшін сапа көрсеткіші, біз тек жақсысын ғана өсіріп, ұрпақтарына жақсы қасиеттерді сіңіруге тырысамыз. Автокөлікпен жолдама арқылы аңға шығамыз. Кейде тіпті Астанаға да барамыз. Белгілі бір аңды аулауға ресми рұқсат аламыз. Негізінен күзде және қыста, ал маусым болмаған кезде мен оларды 15-20 шақырым жүгіре алатындай, қала сыртына шығаруға тырысамын. Аң аулағанда иттер барлығын өздері жасайды. Аңды тауып, айдап, ұстап алады. Аңшы ұсталған олжаны алып қана кетеді. Біз негізінен қояндар мен қарсақ түлкілерін аулаймыз, кейде қасқыр сияқты үлкен олжа аламыз", – деді ол.

Нестердің айтуынша, кейінгі жылдары қазақстандықтар арасында, тіпті шетелдіктер арасында тазы, әсіресе Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тұқымның маңыздылығы туралы айта бастағаннан кейін танымал бола бастаған. Қазір тазы күшіктерінің бағасы қымбаттаған, тұқымына қарай 100 мыңнан басталуы мүмкін.

"Тазы қазір трендте, бұл өте жақсы, соның арқасында біз бұл тұқымды дамыта алдық", – деп қосты ол.

Ал мынау – Меруерт Есенова мен оның Ақсауыты. Бойжеткеннің айтуынша, итті оған екі жыл бұрын Семейде атпен садақ ату жарысына қатысқан кезде берген. Күшікті үш айдан бастап өсірген. 

"Оңтүстікте тазының жүні тегіс немесе өте сирек, ал солтүстікте, керісінше. Көбі бұл иттерді баптау қиын деп ойлайды, бірақ олар өте жан-жақты тұқым. Олар тамаққа келгенде талғампаз емес, ерекше күтімді қажет етпейді, өте сабырлы, таза. Олар өте белсенді, сондықтан көп жүгіру керек. Жүгіруге немесе атқа мінуге барғанда Ақсауытты өзіммен бірге алып жүремін. Бұл иттер үйде отырмауы керек, олар күшін қайда жіберерін білмейді. Онымен екі рет қоян аулауға шықтық. Мен оған аң аулауды үйретпесем де, ол олжасын әкелді, өйткені олардың түйсігі өте күшті. Қояндарды аядым, енді аңға шықпаймыз", – дейді тазы иесі.

Ересек еркек иттер санатында Алқұйын тазы жеңімпаз атанды. Оны көрмеге 15 жастағы Ақжол Серқалиев әкелген.

"Мен тазыны жеті жастан бастап баптап келемін. Оларды әкем ұстайды. Көрмеге – менің, әкемнің және інімнің иттерін әкелдік. Маған дәл мен сияқты аңшылықты сүйетіндері ұнайды, олар әрі таза. Біздің Алқұйын көрмелерде жүлделі орындарға ие болды, сондықтан мен жеңіске жететінімізге аса күмәнданбадым", – деді Ақжол.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек