- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Тазалықтың, пәктіктің белгісі"....
"Тазалықтың, пәктіктің белгісі". Қазақ халқында ұзатылып жатқан қыздың иығына қызыл орамал тағу салты бар ма?
Әлеуметтік желіде ұзату тойда қыздың мойнына қызыл орамал тағылған видео қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары қазақта мұндай салттың бар-жоғын айтып, өзара пікірталасқан. Осы тұста Massaget.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлынан ұзатылып бара жатқан қыздың мойнына қызыл орамал тағу қазақтың салт-дәстүріне қаншалық сай екенін сұрап көрді.
Автордың айтуынша, мұндай дәстүр түрік халқында бар. Олар үйлену тойда қалыңдықтың беліне пәктіктің белгісі ретінде қызыл лента(қызыл орамал) байлайды екен.
"Қызыл орамал керек пе бізге?", - делінген видео жазбасында.
Бұл сұрақта Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінген. Бір тобы мұндай салт бұрыннан бар екенін айтса, енді бір тобы қызыл орамалға қатысты салтты ешқашан көрмегенін, қазақта жоқ екенін жазған.
Massaget.kz тілшісі қазақтың салт-дәстүрінде ұзату тойда қыздың иығына қызыл орамал тағудың бар-жоғын білу үшін этнограф Болат Бопайұлынан сұрап көрді.
Этнограф қазаққа бұл дәстүрдің мүлдем жат екенін жеткізді.
"Қазақта мұндай дәстүр жоқ. Біздің ұлтта салт бойынша ұзатылып жатқан қыз босағасына сыңсу айтады, жар-жар айтады, басына сәукелесін кигізіп, үкі тағу арқылы ұзатады. Қызыл тағып бұл қыздың тазалығы, пәктегі деп айту дұрыс емес. Қазақ халқы қызды болашақ ана деп көзінің қарашығындай қорғайды. Қызға құда түссе, басына берке кигізіп кетеді, берке киіп жүрген қызды көрген жұрт бұл қыз жақында ұзатылады екен деп, бас киімінен таниды. Кейінірек ұзатылатын кезде сыңсу айтып, қоштасады. Олай мына қыз пәк, мына қыз пәк емес деген жоқ", - деп түсіндірді этнограф.
Сонымен қатар, маман ұлтымызда қызыл не ақ тағу бар екенін, бірақ ол мүлде басқа жағдайда тағылатынын айтты.
"Қазақта қызыл, ақ тағу деген бар. Ол қыздың өлі-тірісі, "аруақ риза болмай, тірі байымайды" деген оймен жігіт жақтан қыздың қайтыс болған туыстарына арнап, құрбандыққа шалуға мал апарады. Сол малға ақ байлайды. Жылқы болса - жалынына, түйе болса - шудасына. Той малына арналса, қызыл байлап қояды", - дейді Болат Бопайұлы.
Желідегі видео авторы бұл түрік ұлтының салты десе, этнограф қытай халқында болуы мүмкін екенін айтты.
"Бұл салт қытайларда болуы мүмкін, бірақ олар оны тазалыққа емес, қуанышқа теңейді. Олар қызылды жақсы көретін халық қой. Тулары да қызыл", - деді маман.
Айта кетейік, бұған дейін Желіде тойда торттың орнына қымыз ұсынғандардың видеосы қызу талқыға түскені хабарланған еді. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл ерекше дәстүрге түрлі пікір қалдырған. Бір тобы ата-бабамызда торт кесу де, қымыз беру де болмағанын айтса, енді бір тобы торттың орнына ақ тарату дұрыс екенін жазған.
Тағы да оқи отырыңыздар: Моншаға түсудің қандай пайдасы бар?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә