Тазалық - мәдениеттің белгісі: Ақтөбеде оқушыларға экологиялық мәдениеттің маңызы түсіндірілді

Тазалық - мәдениеттің белгісі: Ақтөбеде оқушыларға экологиялық мәдениеттің маңызы түсіндірілді
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

"Таза Қазақстан" жалпыұлттық бағдарламасы аясында Ақтөбе облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен "Тазалық - мәдениет белгісі" атты кешенді іс-шара өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты - тазалықты қоғамдық мәдениет пен ұлттық құндылықтың ажырамас бөлігі ретінде қалыптастыру, жастардың экологиялық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға бағытталған саналы мінез-құлық пен белсенді өмірлік ұстанымды қалыптастыру.

Іс-шара барысында спикерлер оқушылармен кездесіп, қоршаған ортаны қорғаудың маңызы, экологиялық қауіпсіздік және тұрақты даму құндылықтары туралы ақпарат берді.

Бағдарлама "Тазалық бәйтерегі" атты танымдық бөліммен басталды. Оқушылар қоршаған ортаны қорғауға қатысты сұрақтарға жауап беріп, табиғатты сақтау мен қоршаған ортаны жақсартуға байланысты өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын қағазға түсірді.

"Аталар сөзі – тазалық көзі" бөлімінде балалар тазалық, табиғат және еңбек тақырыптарындағы мақал-мәтелдерді айтып, өзара сайысқа түсті. Бұл бөлім ұлттық құндылықтар мен экологиялық мәдениетті сабақтастыра отырып, балалардың белсенділігін арттырды.

Шара барысында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаудың маңыздылығына да ерекше назар аударылды. Қатысушылар қоқысты түріне қарай арнайы жәшіктерге дұрыс бөлу бойынша тәжірибелік тапсырмалар орындап, қалдықтарды басқарудың қарапайым әрі тиімді тәсілдерімен танысты.

Ал "Шелекке емес – шеберлікке" шығармашылық бөлімінде оқушылар әртүрлі қалдық материалдарды пайдаланып, пайдалы бұйымдар жасады. Осы арқылы қайта пайдалану мен қайта өңдеудің мүмкіндіктерін іс жүзінде көрсетті.

Іс-шараның соңы ECO Dance экологиялық биімен қорытындыланды. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған би табиғатты қорғау және тазалық мәдениетін насихаттауға бағытталған бағдарламаның жарқын финалына айналды.

Суреттер: Ақтөбе облысы әкімдігі 

Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің бас маманы, мемлекеттік экологиялық инспектор Назия Есқазиева шараның оқушылардың экологиялық жауапкершілігін қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

"Тазалық – қоршаған ортаны қорғаудың ғана емес, қоғам мәдениетінің де маңызды көрсеткіші. Бүгінгі іс-шара оқушылардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, экологиялық жауапкершілік пен азаматтық сананы қалыптастыруға ықпал етеді. Осындай тәрбиелік бастамалар арқылы біз жас ұрпақтың бойына табиғатты аялау мен туған жерге деген қамқорлық құндылықтарын сіңіреміз", – деді ол.

Сондай-ақ, Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің бас маманы, мемлекеттік экологиялық инспектор Гүлзат Нурушева тазалық мәдениетін күнделікті өмір салтына айналдырудың маңыздылығына тоқталды.

"Таза Қазақстан" бағдарламасының басты мақсаты – тазалықты өмір салтына айналдыру. Осы бағыттағы бүгінгі іс-шара оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, оларды туған жердің тазалығына бейжай қарамайтын белсенді азамат болуға тәрбиелейді. Табиғатты қорғау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз және ол қарапайым тазалықтан басталады", – деп атап өтті ол.

Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың экологиялық сауаттылығын арттырып, табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысы әкімдігі ұсынған материал

Massaget.kz
Logotype Massaget