“Таза Қазақстан“: Сарыарқа ауданындағы құрылыс нысандарында рейд өтті

“Таза Қазақстан“: Сарыарқа ауданындағы құрылыс нысандарында рейд өтті
Фото: Астана әкімдігі

Астананың Сарыарқа ауданында "Таза Қазақстан" экологиялық бастамасы аясында құрылыс нысандарында экологиялық талаптардың сақталуы мен құрылыс алаңдарының жай-күйін бақылауға бағытталған кезекті рейд өтті.

Сарыарқа ауданында "Таза Қазақстан" экологиялық бастамасы аясында экологиялық талаптардың сақталуы мен құрылыс алаңдарының күтіп-ұсталуының жай-күйін бақылауға бағытталған кезекті рейд ұйымдастырылды.

Рейдке аудан әкімдігінің, Әкімшілік полиция басқармасының және салалық қызметтердің өкілдері қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – құрылыс нысандарындағы заң бұзушылықтарды анықтап, заңнама талаптарының сақталуын бақылау.

"Бүгінгі рейдтің мақсаты – құрылыс нысандарының абаттандыру, санитариялық және экологиялық талаптарды сақтауын бақылау. Ең алдымен нысан паспортының болуына, дөңгелек жуу пунктінің жабдықталуына және құрылыс қалдықтарын шығару жөніндегі шарттың бар-жоғына назар аударамыз", – деді Сарыарқа ауданы әкімдігі аппаратының Инфрақұрылым бөлімінің жетекші маманы Нұрсұлтан Амангелдинов.

Оның айтуынша, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда құрылыс компаниялары әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

"Егер заң бұзушылық анықталса, ең алдымен айыппұл салынады. Біз Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп мұндай рейдтерді тұрақты түрде өткіземіз. Ескерту берілмейді, бірден айыппұл салынады, өйткені мұндай заң бұзушылықтарға дер кезінде әрекет ету қажет", – деді ол.

Сурет: Астана әкімдігі

Бақылау іс-шараларымен қатар құрылыс салушыларға профилактикалық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мемлекеттік органдардың өкілдері құрылыс компанияларына заңнама талаптарын түсіндіріп, абаттандыру және құрылыс қалдықтарын басқару саласындағы қолданыстағы талаптарды еске салады.

Маманның айтуынша, мұндай тексерулер тұрақты түрде жалғасады.

"Осындай рейдтер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Олар құрылыс нысандарында талаптардың сақталуын бақылауға және заң бұзушылықтарға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Сарыарқа ауданында әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер және басқа да ғимараттар белсенді салынып жатыр. Сондықтан бақылауды күшейту қажет", – деп қосты Нұрсұлтан Амангелдинов.

Еске салайық, Астанада рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін азайту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Әкімдік мәліметінше, қаладағы заңсыз қоқыс орындарының 90 пайыздан астамын құрылыс қалдықтары құрайды.

2025 жылдың мамыр айынан бастап елордада құрылыс қалдықтарын басқарудың жаңа қағидалары және құрылыс қалдықтарының құрылыс алаңынан полигонға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін SmartWaste цифрлық жүйесі қолданысқа енгізілді.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, құрылыс салушылар құрылыс қалдықтарын тасымалдайтын мамандандырылған ұйымдармен шарт жасасуға, қалдықтарды заңды түрде шығаруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ құрылыс алаңдарын күтіп-ұстау талаптарын, оның ішінде арнайы техника дөңгелектерін жуу бекеттерін ұйымдастыру міндетін орындауға тиіс.

Астана әкімдігі ұсынған материал

Massaget.kz
Logotype Massaget