Алматыда "Таза Қазақстан" акциясы аясында GREEN UP экологиялық жобасы таныстырылды. Жоба қалалық №224 мектепте ұйымдастырылып, оқушылардың экологиялықмәдениетін қалыптастыруға, қалдықтарды сұрыптау мен жауапты тұтыну дағдыларын күнделікті өмірге енгізуге бағытталған. Кездесу барысында қатысушыларға жобаның мақсаты мен міндеттері түсіндіріліп, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің маңызы көрсетілді. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.
Әкімдік мәліметінше, бастаманың басты ерекшелігі – экологияны бір реттік сенбілік немесе акция ретінде емес, әр адамның күнделікті өмір салтының бір бөлігіне айналдыру. GREEN UP бастамасы арқылы мектеп оқушылары қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеуге тапсыру, табиғи ресурстарды үнемдеу және экологиялық волонтерлікке қатысу сияқты бағыттарға тартылмақ.
Мектеп директоры Райза Ахметова жобаның оқушылардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге мүмкіндік беретін маңызды бастама екенін атап өтті.
"Таза Қазақстан" акциясы аясында мектебімізде экологиялық бағыттағы жаңа бастама қолға алынып отыр. Мақсатымыз – шәкірттеріміздің экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды күнделікті әдетке айналдыру. Бала табиғатты қорғау туралы біліп қана қоймай, оның тазалығына нақты іспен үлес қоса алуы керек", – дейді Райза Ахметова.
Мектеп басшысының айтуынша, суды үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау, ағаш отырғызу және оған күтім жасау сияқты қарапайым әрекеттер баланың бойында жауапкершілік пен ұқыптылықты қалыптастырады.
GREEN UP жобасының басты бағыттарының бірі – оқушыларды экологиялық бастамаларға белсенді түрде тарту. Балалар өз идеяларын ұсынып, табиғатты қорғауға арналғаншағын жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Бұл жұмысқа мұғалімдер мен ата-аналарды да кеңінен тарту көзделіп отыр, дейді әкімдік өкілдері.
Жоба таныстырылымында экологиялық мәдениет, жауапты тұтыну, қалдықтарды бөлек жинау және материалдарға екінші өмір сыйлау мәселелері талқыланды.
Бастаманы таныстырған Евгений Мұхамеджановтың айтуынша, экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін әр адам күнделікті қарапайым әрекеттерден бастауы қажет.
"Адамдар сенбілікке қатысып, қоқыс жинап, көшет отырғызуы мүмкін. Алайда экологияға деген жауапкершілік күнделікті өмірде де көрінуі керек. Қалдықтарды сұрыптау, қажетсіз қоқысты азайту, қайта өңдеуге тапсыру сияқты қарапайым әдеттер қоғам мәдениетінің бір бөлігіне айналуы тиіс. Мұндай дағдыларды қалыптастырудың ең тиімді жолы – балалармен жұмыс істеу", – дейді Евгений Мұхамеджанов.
Суреттер: Қ.Қонысбаев / Алматы әкімдігі
Спикердің сөзінше, жоба аясында арнайы мобильді қосымша пайдаланылмақ. Оның көмегімен қатысушылар өздерінің экологиялық жетістіктерін тіркей алады. Мәселен, оқушы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, экохабқа тапсырған кезде бұл оның жеке көрсеткішінде белгіленеді. Сонымен қатар, мектептің немесе ұйымның жалпы нәтижесі де қалыптасады. Бұл тәсіл оқушылардың экологиялық бастамаларға қызығушылығын арттырып қана қоймай, білім беру ұйымдары арасында пайдалы бәсекелестік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жоба таныстырылымында қатысушылар қалдықтарды қайта өңдеу процесімен де танысты. Арнайы жабдықтардың көмегімен пластик және басқа да материалдарды өңдеп, одан жаңа бұйымдар жасау мүмкіндігі көрсетілді.
Оқушылар макулатура мен пластик қалдықтарын жинап әкеліп, оларды қайта өңдеуге тапсырды. Осылайша, жоба қатысушылары экологиялық мәдениеттің алғашқы қадамын теория жүзінде ғана емес, іс жүзінде де орындап көрді.
Әкімдік алдағы уақытта жобаға экологиялық волонтерлік бағытты да қосу жоспарланып отырғанын атап өтті. Белсенді оқушылар экологиялық клубтар құрып, түрлі бастама мен акцияларға қатыса алады.
Алматы әкімдігі ұсынған материал
Massaget.kz