“Таза Қазақстан“ акциясы: Өскемен құлпыра түсті

“Таза Қазақстан“ акциясы: Өскемен құлпыра түсті
Фото: Өскемен қаласы әкімдігінің ақпараттық орталығынан

Өскемендіктер республикалық бастаманың тек көшелердегі тазалықты насихаттауға ғана емес, сонымен қатар қалалық ортаның жинақы, тартымды келбетін қалыптастыруға бағытталғанына үлкен жауапкершілікпен қарады.

Атап айтқанда, қалалық әкімдік орталық көшелердегі үйлердің қасбеттерін жаңартуға ерекше назар аударды. Нәтиже бірден өскемендіктердің көңілінен шықты.

"Өте әдемі. Көптеген орталық көше сәнді, жарқын болып көріне бастады! Жұмыс сапасы да жоғары деңгейде болады деп үміттенемін!"

"Қалада жұмыс жүргізіліп, тазарып, көркейіп келе жатқанын көру қуантады!"

Осындай пікірлерді тұрғындар атқарылған жұмыстар туралы әлеуметтік желілерде қалдырып жатыр. Алайда халықты алаңдататын бір мәселе - ғимараттардың бірінші қабаттарындағы коммерциялық нысандар мен дүкендердің жарнамалық тақтайшаларының түстері жаңартылған ғимараттардың үйлесімді көрінісіне сәйкес келмеуі.

"Осыған байланысты қала дизайн-коды әзірленген болатын. Жаңа нысан ашқан әрбір кәсіпкер оның сыртқы келбетін сәулет бөлімімен келісуі қажет. Болашақта бұл үдерісте стиль мен түстер палитрасына бірыңғай талаптар қойылатын болады. Бұл ескі нысандарды жөндеуге де қатысты болмақ. Дегенмен біз бұрыннан бар жарнамалық тақтайшалардың иелеріне ықпал ете алмаймыз. Олардан басқаша әрекет етуді талап етуге құқығымыз жоқ. Бірақ көп жағдайда ортақ тіл табуға болады. Көптеген кәсіпкер де қаланың көркем келбетіне жауапты екенін түсініп, түсіністік танытып жатыр", - деп түсіндірді қала әкімі Жақсылық Омар.

Айта кету керек, Өскеменде дизайн-код қаланың әртүрлі бөліктерінің ерекшеліктерін ескере отырып әзірленді. ХХ ғасырдың басындағы тарихи құрылыс үшін, 60-80 жылдары салынған аудандар үшін және іскерлік орталықтың аралас құрылыс аймақтары үшін жеке түстер мен абаттандыру стандарттары таңдалды.

Қаланың қасбеттерін жаңарту жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Ол кезде Назарбаев даңғылы, Нұрмағамбетов және Чехов көшелеріндегі орталық магистральдарда 35 үйдің қасбеті жаңартылды. Ал қазір республикалық акция аясында қаржы қайта бөлінуінің арқасында 42 ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың аз ғана бөлігі өткен жылғы көшелерде орналасқан, ал негізгі бөлігі - Қазақстан көшесі мен Шәкәрім даңғылында.

Соңғы екі учаскені ерекше атап өткен жөн. Қасбеттерді жөндеумен қатар, мұнда жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандыру жұмыстары да жүргізілуде. Мұндай кешенді тәсіл көшелерді бірден өзгертіп, оларға дизайн-кодқа сай жаңа келбет беру үшін қолға алынды. Айтпақшы, Қазақстан көшесінде осы мақсатта ондаған жылдар бойы қалыптасқан базар сауда аймағы жойылып, бұл да өскемендіктер тарапынан оң пікірге ие болды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы туралы айтқан болатын.

Ол елімізде көктемнен бастап "Таза Қазақстан"жалпыұлттық экологиялық акциясы өтіп жатқанын еске салды.

Акцияның мақсаты - экологиялық мәдениетті қалыптастыру, "адал адам - адал еңбек - адал табыс" патриотизм құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарау.

Бұл президент атап өткендей, уақытша акция емес, бұл маңызды жоба жыл бойы жалғасуы тиіс.

Фото: Өскемен қаласы әкімдігінің ақпараттық орталығынан. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина