Экологияны сақтау - заманауи өмірде өзекті тақырыптардың бірі. Көпшілік экологиялық өмір салтын сақтау қиын деп ойлайды. Алайда қазақстандық экоблогер және экожаттықтырушы Кәмила Әкімбекова экологиялық өмір сүруді бастаудың қарапайым жолдарын атап, көптеген пайдалы лайфхактарын бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кәмила Әкімбекова - оқушылар мен студенттерге, сондай-ақ осы салаға қызығушылық танытып жүрген адамдарға, компанияларға экотақырыпта түрлі дәрістер оқып жүрген эколог. Сондай-ақ ол әртүрлі экологиялық шаралар ұйымдастырып, экологиялық тақырыпта блог жүргізеді.
"Барлық адам ерте ме, кеш пе, экологиялық өмір салтын сақтайды деп ойлаймын. Себебі бұл қажеттілікке айналады. Тек біреулер ерте, ал біреулер кеш бастайды. Бізге кеңес заманында бала кезден бастап макулатура сұрыптауды, бөтелке тапсыруды үйретті. Мен бұрыннан шамдарды, батареяларды қоқысқа тастамайтынмын, әрдайым қабылдайтын орындарды іздейтінмін. Алайда балаларым дүниеге келгеннен кейін бұл жайлы көбірек ойлана бастадым. Содан соң өзім бірдеңелерді істеп қана қоймай, басқалармен тәжірибемді бөлісе алатынымды түсіндім", - дейді эколог.
Кәмила Әкімбекова экологиялық өмір салты қарапайым әдеттерден тұратынын айтты.
"Экологиялық өмір салтын сақтау қиын емес. Бұл ол нәрсені әдетке айналдыруға байланысты. Яғни таңертең ұйқыдан тұрып тіс жуу немесе шай ішіп болған соң кесені жуу сияқты, мен қаптаманы ашқан бойда оны қоқысқа тастамаймын, картон салатын жәшікке саламын. Бұл қатты қиын емес, мүмкін нәрсе. Бастысы, адамның қалауы болуы керек. Содан соң біртіндеп бұл жайлы зерттеу, оның маңыздылығын түсіну, қабылдау пунктерін табу, не қабылдайтынын түсініп алу және соларды апарып тапсыру қажет.
Тіс тазалағанда суды сөндіру, бөлмеден шыққанда жарықты өшіріп шығу - бұл әр адам жасай алатын қарапайым қадамдардан тұрады. Осылайша, сіз қоршаған ортаға қамқор бола аласыз және табиғи ресурстарды үнемдей аласыз", - дейді маман.
depositphotos.com
Экоблогер Кәмила Әкімбекова экологиялық өмір салтын сақтауды неден бастау керегін түсіндіріп берді.
Ең маңызды принцип - ойлану. Адам ойлана бастағанда өмірін өзгерте бастайды. Бас алып жүгірмей, отырып, өміріңіз жайлы ойланыңыз: не қолданасыз, не сатып аласыз, нені тастап жүрсіз. Өміріңізді бірден түбегейлі өзгертуге тырыспаңыз. Бұл күнде өзіңізбен жұмыс істеу, күннен күнге жаңа әдеттерді қалыптастыру, жаңа басымдықтарды анықтау және көзқарасты өзгерту.
Қалдықтарды сұрыптағанда да бір күнде бәрін сұрыптауға кірісіп кетпеңіз. Бір нәрседен бастаңыз. Мысалы: шамдар, батареялар, сымдарды бөлек жинап бастау. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілерді қоқысқа тастамауды қолға алыңыз. Осындай қауіпті қалдықтардан бастаңыз. Содан соң біртіндеп қағаз, макулатура, әйнек, алюминий, пластикті сұрыптауға көшесіз. Яғни біреуінен бастап, оны әдетке айналдырған соң келесісін қосыңыз. Ең қиын фракция - пластик. Себебі оның түрі көп. Оның қандай түрі болатынын және пластиктің қай түрін қайта өңдеуге тапсыруға болатынын білу мұқият зерттеуді қажет етеді.
Егер экологшы болғыңыз келсе, айналаңызға сондай адамдар жинаңыз. Мысалы, экологтардың кездесуіне барыңыз. Экоакцияларға барыңыз. Жаңа адамдармен танысыңыз. Экоблогерлерге жазылып, кеңестерін тыңдаңыз. Яғни жаныңызға ниеттес адамдарды жинаңыз.
Қазір тұтынушылықтың шегіне жеткен заман болды. Адамдар қажет емес артық затты көп алады, сәйкесінше, қоқыс та көбейіп жатыр.
"Қоқыс аз болу үшін қоқыс жинамауға тырысу керек. Яғни әркез бірдеңе сатып аларда пакеттен бас тарту, қаптамасыз өнімдер алу (өлшеп сататын дүкендер бар), сатып алатын заттар жайлы ойлану және т.б. Мысалы, артық өнім алып қоймас үшін дүкенге барарда сатып алатын азық-түлік тізімін құрып барыңыз. Киім немесе басқа да заттарға келетін болсақ, қызығып ала бермеңіз. Кей адамдар жеңілдіктер деген белгіні көрсе, қажет болса да, болмаса да сатып ала береді. Сапалы киімдер алуға тырысыңыз", - дейді Кәмила.
Экологшы қарапайым азамат қайта өңдеуге тапсыра алатын заттар тізімі оның тұрғылықты жеріне қарай өзгеретінін айтты. Тіпті Алматы мен Астанада қайта өңдеуге берілетін фракция тізімі өзгеше.
"Өкінішке қарай, тек үлкен қалаларда қалдықтарды бөлек жинау жүйесі аздап реттелген және қайта өңдеуге болатын заттарды қабылдайтын пунктер бар. Мысалы, көп жерде металлолом қабылдайтын жерлер бар. Ал макулатура мен пластик қабылдайтын жерлер өте аз және көп жерде жоқ. Мемлекет бұл саланы аса қолдап отырған жоқ. Көптеген кәсіпорын қаржылық қиындықтардың салдарынан жабылып қалды. Алматының өзінде пластиктің әр түрін әр жерге апарып тапсыру керек. Пластиктің қайта өңдеуге болатын барлық түрін қабылдайтын бір ортақ пункт жоқ", - дейді Кәмила.
Қаладағы мұндай проблеманы көрген экоблогер осы салада жүрген адамдармен бірге экоакциялар ұйымдастырып тұратынын айтты. Яғни тұрғындар қаланың әр бұрышына бармай, экоакция болып жатқан жерге келіп, қайта өңдеуге болатын барлық қалдықтарды тапсыра алады.
"Бізде адамдар экологиялық өмір салтын ұстанғысы келеді. Бірақ бізде инфрақұрылым жоқ. Сол үшін де біз экоакциялар өткіземіз. Әркез қабылдайтын заттар тізімін кеңейтуге тырысамыз. Мысалы, соңғысында біз тізімге полистиролды қостық. Бұл "6" деген пластик маркировкасы. Қазір біз тіпті пенопласт қолданамыз. Біз алдын ала қайта өңдеушілермен келісіп аламыз, содан соң тұрғындардан жинап, оны қайта өңдеушілерге жібереміз", - дейді экожаттықтырушы.
depositphotos.com
Кәмила Әкімбекова Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал ететін ұсыныстарымен бөлісті.
"Әрине, Алматыда басқа қалаларға қарағанда экологиялық өмір салтын сақтауға салыстырмалы түрде шарт жасалған. Алайда бізде әр аулаға қоқысты сұрыптап салатын жәшіктер қойса да бәрі жақсы болып кетеді деген сөз емес. Ең алдымен тұрғындарға экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізу керек: оларға қоқысты сұрыптауды үйрету керек. Себебі бізде бұған дейін кей аулаларға қоқыс салуға арналған эко-жәшіктер қойды. Бірақ адамдар оларға қоқысты сұрыптамай сала берді. Сондықтан білім беруден бастау керек. Оны балабақша, мектептен бастау керек деп ойлаймын. Солайша қоқысты сұрыптау қалыпты дүниеге айналатын жаңа ұрпақ өсіруіміз керек", - дейді экобелсенді.
Маман елімізде экоорталықтар ашу керегін айтты.
"Мемлекет экожобаларды қолдауды бастауы керек. Сондай-ақ экоорталықтар ашу керек. Адамдар орталықтарға келіп, қалдықтарын тапсыра алуы және білім алатын болуы керек. Қайта өңдейтін зауыттарға барып, экскурсия жасауға мүмкіндіктер беруге болады. Тек экожәшіктерді қою - шешім емес. Бұл жерде кешенді жұмыс қажет", - деп кеңес берді ол.
Экологшы кей қалдықтарды қайта қолдануға тапсыруға болатынын айтып, бірнеше мысал келтіріп кетті.
"Мен қазір қайта өңдеуге беруге болатыннан да көп қоқысты сұрыптаймын. Мысалы, бір бөлігін жинаймын, себебі бізде ерте ме кеш пе, қайта өңдейтін жерлер ашылады деп үміттенемін. Мысалы, тетрапак. Мен бір қорапқа тетрапакты жинаймын. Себебі елімізде бір күні тетрапакты қайта өңдейтін жер ашылатын шығар деп ойлаймын. Ал тағы бір бөлігін жинап, қайта қолдануға беремін. Мысалы, сынған кесе немесе тәрелкелер. Қазақстанда фарфорды қайта өңдемейді. Яғни мен оны қайта өңдейтін жерлерге тапсыра алмаймын. Сондықтан мен оны жинап, мозаикамен айналысатын шеберлерге апарып беремін. Мұнымен айтқым келгені, сұрыптау тек қайта өңдеуге тапсыратын заттармен шектелмейді", - дейді экоблогер.
Экобелсенді экология мәселесін жақсарту үшін әр адам өзіне жауапкершілік алу керегін айтты.
"Егер экологиялық өмір салтын бастағыңыз келсе, ол мүмкін нәрсе екенін ұмытпаңыз. Бастысы, қандай да бір қадамнан бастау керек. Біреу сіздің проблемаңызды шешіп береді деп күтпеңіз. Өзіңізге жауапкершілік алыңыз. Қорықпаңыз. Балаларға үлгі болыңыз", - дейді Кәмила Әкімбекова.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы қоқыс алаңынан репортаж ұсындық.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!