Бүгін 23 шілде күні Х.Досмұхамеов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшелері халықпен кездесіп жатыр.
Кездесу барысында қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа кездесудің ұйымдастыру сапасы үшін алғыс айтты. Сонымен қатар Тайжан облыстағы Сарайшық аспан асты музейін сақтап қалу мәселесін қозғады.
– Кездесуді жоғары дәрежеде ұйымдастырғандарыңыз үшін алғысым шексіз. Рахмет,– деп сөз бастады Тайжан – Атырау облысындағы «Сарайшық» аспан асты музейінің жағдайы туралы айтқым келіп отыр. Жыл сайын Жайық өзені ежелгі қаланы шайып бара жатыр. Бұл тарихи маңызы зор нысанды сақтап қалуға күш салуыңызды сұраймын.
Айта кетейік, Сарайшық – орта ғасырларда Алтын Орданың ірі сауда және экономикалық орталығы. Бұл қала Жайық өзенінің қазіргі Атырау қаласынан 50 км жоғары орналасқан.
Сарайшық (Сарай-Жүк) қаласы пайда болуын тарихшы ғалымдар XIII ғ., Шыңғыс хан мен Бату ханның шапқыншылығымен байланыстырады. Әзірге белгілі болған деректерге сүйенсек, бұл орын туралы жазба мәліметтер ХIV ғ. алғашқы жартысынан басталады да, оларда Сарайшық гүлденген қолөнері мен сауда қаласы болғандығы айтылады.
Атырау облысы әкімінің
баспасөз қызметі