Таяу Шығыстағы шиеленіс: СІМ қазіргі ахуалға қатысты пікір білдірді

Таяу Шығыстың бірқатар елінде әскери-саяси ахуал ушығуына байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, шет елдердегі дипломаттар  жағдайды үздіксіз бақылап, жедел әрекет ету және консулдық-құқықтық көмек көрсету мақсатында жергілікті билік органдарымен, ҚР азаматтарымен тұрақты байланыста болып, әуежайларға жүйелі түрде барып жатыр.

Сонымен қатар, дипломатиялық өкілдіктер қызметкерлері Қазақстан азаматтарының тізімін тұрақты түрде жаңартып отырғаны айтылды.

"Қазір Қазақстан Республикасы азаматтары арасында зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Кейінгі дерекке сәйкес шиеленіс аймақтарында Қазақстан азаматтарының ең көп саны мына жерлерде: танымал туристік бағыттар, қажылық сапарлар орындары, сондай-ақ, транзиттік хабтар шоғырланған жерлерде. Соның ішінде БАӘ-де шамамен 3 500 адам, Сауд Арабиясында шамамен 3 000 адам және Қатарда 1 500-ге жуық адам бар. Дипломатиялық өкілдіктер ақпаратына сәйкес Иранда 82 Қазақстан азаматы, Бахрейнде 168 азамат, Кувейт пен Иорданияда әрқайсында 134 азаматтан, Израильде шамамен 100 азамат тіркелген", - деп жазылған хабарламада.

Әскери іс-қимылдар басталғаннан бері өңір елдерінің басым бөлігінде әуе кеңістігі жабылған. Әуе тасымалдаушылары рейстерді тоқтатуға мәжбүр болғандықтан, Қазақстанның шет елдердегі мекемелері туристік компаниялармен бірлесіп, азаматтарды қонақүйлерге уақытша орналастырып жатыр.

"БАӘ қонақүйлерінде азаматтарға жағдай тұрақталғанға дейін тұруға рұқсат берілген және тамақ қамтамасыз етілген. Шиеленіс аймақтарынан қазақстандықтарды эвакуациялау бағыттары мен шаралары пысықталып жатыр. Қауіпсіздік мақсатында жергілікті билік органдары өз бетінше қозғалмауға кеңес берді. Эвакуациялық рейс ұйымдастырылған жағдайда бірінші кезекте қолдау шаралары халықтың неғұрлым осал санаттарына, қарт адамдарға, әйелдер мен балаларға көрсетіледі. Бұған дейін Тегеран қаласынан "Заркух" компаниясының өкілдерін, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының қызметкерлерін және дипломатиялық өкілдік қызметкерлерін қосқанда жалпы 50 Қазақстан азаматы шығарылды", - деп жазылған хабарламада.

Ведомство мәліметінше, Ираннан көрші елдер арқылы азаматтарымызды эвакуациялауға жәрдем көрсету жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілген.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!