Иранның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукар Таяу Шығыстағы қақтығыстың Қазақстан мен Орталық Азияға әсері туралы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Баспасөз мәслихаты барысында журналистер дипломаттан "соғыс Қазақстан шекарасына дейін таралуы мүмкін бе?" деп сұрады.
"Қазақстан үшін ешқандай қауіп жоқ. Тек болашақта Иранда күрделі тұрақсыздық немесе жаппай тәртіпсіздік болса, Орталық Азия аймағына қауіп төнуі мүмкін. Мұндай жағдайда Таяу Шығыстан экстремистер мен террористердің ену қаупі пайда болуы мүмкін", - деді Джоукар.
Елші бүгінде мұндай қауіп байқалмайтынын мәлімдеді.
"Иран билігі Иранда болғанда Қазақстан мен Орталық Азия үшін ешқандай қауіп жоқ", - деді ол.
Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастады. Тель-Авив соққының мақсаты Тегеран ядролық қару алуына жол бермеу екенін мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп та Иран флоты мен қорғаныс өнеркәсібін жоюға ниет білдірді.
Кейін Иранның жоғары көсемі Әли Хаменеи қайтыс болғаны жарияланды.
Тегеран жауап ретінде Израиль аумағына, сондай-ақ, Таяу Шығыстағы Америка базаларына шабуыл жасады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз