Таяу Шығыстағы күрделі ахуал: Тоқаев Сауд Арабиясының елшісін қабылдады

Таяу Шығыстағы күрделі ахуал: Тоқаев Сауд Арабиясының елшісін қабылдады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы корольдігінің Қазақстан Республикасындағы елшісі Файсал Әл-Кахтаниді қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Сауд Арабиясымен ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға айрықша мән беретінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев тақ мұрагері, Сауд Арабиясының премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудтың екі елдің сан қырлы ықпалдастығын ілгерілетуге қосқан елеулі үлесін айрықша атап өтті.

"Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман – жаһандық ауқымдағы мықты әрі беделді көшбасшы. Оның өз отанын өркендетуді көздейтін көреген әрі прогрессивті стратегиясы, сондай-ақ, халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту ісінде атқарған рөлі ең жоғары баға мен құрметке лайық", – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед бен Салманды Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақыратынын растады.

Файсал Әл-Кахтани өз елінің Қазақстан Республикасымен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бейіл екенін айтты. Ол жақында қол қойылған Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім, сондай-ақ, екі ел арасында Координациялық кеңес құру тиімді байланыстарды жандандыруға жол ашатынына назар аударды.

Бұдан бөлек, дипломат Таяу Шығыстағы күрделі ахуалға байланысты Қазақстан Президентінің көрсеткен жан-жақты қолдауына Сауд Арабиясы басшылығының шынайы ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстанның бітімгерлік келіссөздерді киелі Түркістан шаһарында өткізу туралы бастамасы өзекті екеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың тұрақтылығын, қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз ету әрекеттеріне алдағы уақытта да жәрдемдесуге әзірлігін, сондай-ақ, Сауд Арабиясына және Шығанақтағы барлық елге тілектестігін білдірді. Кездесу соңында Президент Қос Киенің сақшысы, Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа және тақ мұрагері, премьер-министр Мұхаммед бен Салман Әл Саудқа ыстық ықыласы мен сәлемін жолдап, бауырлас Сауд Арабиясы халқына бақ-береке тіледі.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget