Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Таяу Шығыстағы қақтығысқа қатысты Қазақстанның ұстанымын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлібек Бақаевтың айтуынша, Қазақстан үшінші елдердің ісіне араласпау ұстанымын сақтайды.
"Бұл жағдайда Иранның да, шабуылға ұшыраған елдердің де, ешкімнің де жағында емеспіз. Мұндай әскери қақтығыс болмағанын қалаймыз, туындаса, дипломатиялық үстел үстінде шешілуі керек. Мұндай қақтығыстар халықаралық құқық пен БҰҰ жарғысына сәйкес шешілуі керек деген ұстанымдамыз. Мұның бәрі халықаралық құжаттарда жазылған. Осы ұстаным өзгермейді", - деді министрдің орынбасары.
Сонымен қатар, СІМ өкілі Қазақстан қажет болған жағдайда тараптар келіссөз жүргізуі үшін алаң ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастады. Тель-Авив соққының мақсаты Тегеран ядролық қару алуына жол бермеу екенін мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп та Иран флоты мен қорғаныс өнеркәсібін жоюға ниет білдірді.
Жексенбіге қараған түні Иранның жоғары көсемі Әли Хаменеи қайтыс болғаны жарияланды.
Тегеран жауап ретінде Израиль аумағына, сондай-ақ, Таяу Шығыстағы Америка базаларына шабуыл жасады.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп New York Times газетіне берген сұхбатында АҚШ әскери күштері қажет болған жағдайда Иранға шабуылды төрт-бес апта бойы жалғастыруға ниетті екенін айтты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз