Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында Ерменсай шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына қатысты сұрақтарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Белгілі бір ауданда тұрғын үй кешендерінің құрылысына мораторий енгізу заң жүзінде мүмкін емес. Бірақ бұл мәселені реттеп отырмыз. Кейінгі бірнеше жылда қанша жобаны мақұлдаудан бас тартқанымызды елестете де алмайсыздар. Қалада таулы аймақта құрылыс жүргізуге рұқсат бермегенім үшін жауым көбейді", - деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар, әкімнің сөзінше, заңдағы олқылық құрылыс компанияларына жеке тұрғын үйге арналған жерлерге аз қабатты кешендер салуға мүмкіндік беріп отыр.
"Заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгіздік және өз тарапымыздан құрылыс ережесін қатаңдаттық. Қазір бұл ереже тау бөктерін тегістеуге, таулы аймақтағы жоталарда, соның ішінде еңісі 15 градустан жоғары жерлерде құрылыс жүргізуге тыйым салады", – деді Алматы әкімі.
Еске салайық, бұған дейін Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуде инфрақұрылым мәселесін шешу, алыс орналасқан шағынаудандарды сумен жабдықтау, оларды кәріз жүйесімен қамтамасыз ету туралы айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова