Павлодарда Ертіс өзені үстіндегі салынып жатқан автокөлік көпірі тағы да өртенді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алғашқы өрт
Алғашқы өрт 31 қаңтарда кешкі уақытта болған. Мәлімет бойынша, Қызылорда – Павлодар – Успенка – Ресей шекарасы автожолының бойындағы салынып жатқан көпірде №4 тіректе жылу тент пен қалып жанған. Өрт ошағы жерден шамамен 30 метр биікте орналасқан. Жарты сағаттан аса уақытта өрт сөндіріліп, аумағы шамамен 60 шаршы метр болған.
Алдын ала себеп ретінде сол сәтте тіректе жүргізілген арматура қаңқасын дәнекерлеу-монтаждау жұмыстары аталған. ТЖМ мәліметінше, өртсөндірушілер таралуына жол бермеген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Тағы бір өрт
1 ақпанда шамамен 10:30-да оқиға қайталанды. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" компаниясы хабарлады.
Компанияның мәліметінше, Павлодардағы Ертіс өзені арқылы өтетін көпір құрылысы нысанында, бұл автожолдың 1381-шақырымында (№5 тірек) аралық құрылымды жылу жабындауға арналған тенттен жергілікті түтіндеу және тұтану тіркелген.
Бұл учаскеде жұмыстар жүргізілмеген - олар 31 қаңтардан бері, №4 тіректегі ұқсас жағдайдан кейін тоқтатылған.
"Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында ТЖД қызметкерлері бар, өрт ошағын cөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға бойынша ішкі тексеріс басталды", – делінген хабарламада.
ТЖД жауабы
Аймақтық ТЖД баспасөз қызметі №5 тіректе жылуоқшаулағыш материал, қорғаныш жабынды және қалыптың ағаш элементтері жанғанын мәлімдеді. Өртті сөндіру биіктегі қолжетімі қиын учаскелерге байланысты күрделенген.
"Өрт жалпы 100 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Оның көпірдің өзге конструкцияларына таралуына жол берілген жоқ. Алдын ала себеп - электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау", – деді ТЖД.
Ведомство кешегі және бүгінгі өрт арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс анықталмағанын атап өтті.
Еске салайық, Павлодарда Ертіс өзені үстінен жаңа көпір құрылысы 2024 жылғы мамырда басталған. 2025 жылдың жазында "ҚазАвтоЖол" құрылыс алаңына шамамен 200 маман тартылғанын хабарлаған. Компания дерегінше, жаңа көпір қолданыстағы көпірден 40 метр қашықтықта, қаладан шығатын бағыт бойынша оңға қарай ығыса салынып жатыр. Нысанның жалпы ұзындығы 2,1 км: оның 400 метрі – Павлодар жағында, 1,7 км – Атамекен кенті жағында.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz