- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тәуелсіздіктің 25 жылдығына...
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қазақстандық өнерпаздар Еуропа сахналарында өнер көрсетті
Кеше Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылған Еуропаның үздік сахналарындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің апталық гастрольдік сапары аяқталды, деп хабарлады ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Шығармашылық ұжымның концерттік сапары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Чехия, Австрия және Ұлыбританиядағы елшіліктерінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Прага (Чехия), Вена (Австрия) және Лондондағы (Ұлыбритания) мерекелік кештерде өнер көрсеткен қазақстандық шеберлердің арасында профессор, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Айман Мұсақожаева, Еуразия симфониялық студенттер оркестрі, Қазақ ұлттық өнер университетінің домбырашылар ансамблі, «Қорқыт Ата» қазақ ұлттық аспаптар ансамблі, Львов симфониялық оркестрінің бас дирижері, қазақстандық маэстро Айдар Торыбаев бар.
Мерекелік гастрольдің концерттік бағдарламасына шетелдік және қазақстандық композиторлардың туындылары енді. ҚазҰӨУ музыканттары еуропалық көрермендерге халықаралық байқаулардың лауреаты, композитор және пианист Рахат-Би Әбдісағын, қазіргі заманның көрнекті композиторы Ақтоты Райымқұлова, танымал қазақстандық қобыз орындаушысы Әлқуат Қазақбаевтың шығармашылығын ұсынды.
Қазақ ұлттық өнер университеті ректорының пікірінше, Еуропаның үздік сахналарында өнер көрсету - ҚазҰӨУ шығармашылық ұжымының жоғары шеберлігі және қазақстандық өнерді шетелде насихаттау жұмыстарының нәтижесі.
«Әрине, біздің алдыңғы қатарлы мақсатымыз - жас дарындарға қолдау көрсете отырып, олардың әлемдік сахнада өнер көрсетуіне ықпал жасау. Шетелдік көрермендердің алдында өнер көрсету арқылы жас музыканттар тәжерибе жинақтайды және өздерінің орындаушылық мүмкіндіктерін жетілдіру мүмкіндігіне ие болады. Біздің концерттеріміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналады. Бір сахнада әлемдік классика жауһарлары мен аяғына нық тұрған, табысты да тәуелсіз, заманауи Қазақстан әуендерінің орындалуы ерекше мәнге ие», - деп пікірімен бөлісті Айман Қожабекқызы.
Шебер орындалған музыкалық туындылар еуропалық көрермендерді өзіндік ерекшеліктерге толы және көптүрлі Қазақстан ұлттық өнерінің әлеміне бөледі. Олар тәуелсіз Қазақстан өнерпаздарының алтын бесігіне айналған ҚазҰӨУ оқытушылары мен студенттерінің орындауындағы халық және классикалық музыка туындыларын тыңдады.
T. Кіршібаев