Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерей тойы қарсаңында Түркістандағы бірқатар елді мекендер мен шағын аудан тұрғындары ауыз су және сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілді. Осы ретте шаһар басшысы Ә.Өсербаев ауыз су мен сапалы электр жарығымен қамтамасыз етілген аймақтардағы тұрғындармен кездесіп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай тарту ретінде ұйымдастырылып отырған игі шаралардың басында болды. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тұрғындар алдында сөз алған шаһар басшысы қалада жасалған жұмыстардың барлығы да Елбасымыз Н.Назарбаевтың еліне деген қамқорлығы мен салиқалы саясатының арқасында екенін айтты.
Бұл күні Түркістанда бес нысанда ауыз су құбырлары және қаланың ұлғаюына байланысты жаңа тұрғын үйлерге сапалы электр қуатын тарату үшін бес аймақта электр желілері іске қосылды. Бұл нысандардың жалпы құны 4 млрд. 904 млн. теңгені құрап отыр. Соның ішінде ауыз суға 3 млрд. 438 млн. және электр желілерін орнатуға 1 млрд. 465 млн. теңге бөлінген.
Осы нысандардың бірі Түркістан қаласына қарасты Қарашық ауылында ауыз су құбырларының құрылысы жүргізілген болатын. Ел игілігіне берілген ауыз су құбырының іске қосылғанына қуанышын білдірген Қарашық ауылының тұрғыны, ауылдық «Ақсақалдар алқасының» төрағасы Бабажан Муютов өз сөзінде «Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ауыл тұрғындарына тарту ретінде ұйымдастырылып отырған бүгінгі шара баршамызға үлкен қуаныш сыйлап отыр. Бұған дейін құдықтан су тартып, сапасыз суды да әжетімізге жаратып келдік. Ал енді «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында беріліп отырған ауыз су ел игілігі үшін жұмыс жасай береді деп сенемін. Біздің ауылда бұдан басқа көшелер жарықтандырылды және асфальттер төселіп тіпті ауылда аяқжолдар салынуда. Осының өзі еліміздегі қарқынды жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын білдіреді» - деп ризашылығын жеткізді.
Шара барысында мамандардың айтуынша іске қосылған нысандардың есебінен Түркістан қаласы аумағында тұрғындарды ауыз сумен қамту 90 пайызға жетіп, биыл 15 мыңнан астам абонент таза су тұтынуға қол жеткізіп отыр. Ал 2016 жылы қала аумағындағы 5 мыңнан астам абонент сапалы электр қуатымен қамтылды.
Осылайша жалғасын тапқан Түркістандағы коммуналдық қызмет сапасының арта түскенін куә болып отырған «Бекзат» мөлтек ауданының тұрғыны Әбдіғали Сандыбай өңірлерде мемлекет басшысының пәрменімен жүргізіліп жатқан жұмыстарға жүрек жарды қуанышын жеткізіп, жаңадан қоныстанған тұрғын үйлерге ауыз су, электр қуаты және жол салынғанын нағыз өркениетті елдің жұмысы деп бағалады.
Айта кетерлігі, Түркістандағы Тәуелсіздікке тарту ретіндегі игілікті шаралар тек мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы күндерде шалғай ауылдардағы өзен көпірлері, көшелерді жарықтандыру секілді коммуналдық қызмет сапасын арттыру бағытында түрлі ел әжетіне жарайтын нысандар саны арта түспек.