Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа қоныс

Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа қоныс
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Еліміздің басты мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Атырау қаласының апатты үй кезегінде тұрған 73 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Бұл – қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың жарқын дәлелі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала әкімі Шәкір Кейкин жаңа пәтер иелеріне кілттерді салтанатты түрде табыс етті. Қоныс иелері Қожақаев көшесінің 7 және 11 үйлері, Бейбітшілік көшесінің 66 үйі, Достық көшесінің 8 үйі, Оңдасынова көшесінің 9 үйінен жаңа көпқабатты үйге көшірілді. Сонымен қатар, Дамбы және Аспа ауылдарының тұрғындары Зарослый ауылындағы жеке секторлы жаңа үйлерге ие болды.

Апатты көпқабатты үйде тұрған 67 отбасы "Модерн" және "Латифа" тұрғын үй кешендерінен пәтер алса, ауыл тұрғындары жаңа, заманауи үлгідегі жеке үйлерге қоныстанды.

"Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен және жаңа қоныстарыңызбен облыс басшысы Серік Жамбылұлының және өз атымнан шын жүректен құттықтаймын! Жаңа шаңырақтарыңыз бақыт пен шаттыққа толы болсын. Әр отбасында тек береке мен молшылық орнап, өмірлеріңіз тек жақсылыққа толы болғай!" - деді қала әкімі Ш.Кейкин.

Жыл басынан бері Атырау қаласы бойынша апатты және әлеуметтік осал топтағы кезекте тұрған азаматтарға 350-ден астам жаңа пәтердің кілті табысталды. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі. Жүйелі жұмыстарымыз алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Атырау облысы әкімдігі ұсынған материал

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә