Алматыда Тәуелсіздіктің 32 жылдығы, Желтоқсан көтерілісінің 37 жылдығына орай "Тәуелсіздік" монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шараға Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар, әртүрлі қоғамдық ұйым өкілдері және қала әкімі Ерболат Досаев қатысты. Салтанатты рәсімге Massaget.kz тілшісі қатысып қайтты.
Алаңға шамамен 200-ден аса адам жиналды. Тәртіп сақшылары әдеттегідей Сәтбаев көшесінің Назарбаев даңғылынан Желтоқсан көшесіне дейінгі бөлігін жапты.
Жыл сайынғы дәстүр бойынша қатысушылар желтоқсаншыларды метрономның үнімен бір минут үнсіздікпен еске алды. Артынша марқұмдардың рухына құран бағышталды.
"Бүгін біз 1986 жылы алаңға шығып шахит болған жастарға келіп, гүл шоғын қойып еске алып жатырмыз. Бұл жерде барлық қоғамдық ұйымдар, әкімшілік басшылары аруақтарға тағзым жасап, құран бағыштады. Бұл жыл сайын қайталанып тұратын үрдіс. Біз желтоқсан құрбандарын тек алаңда ғана емес, Алматының 8 ауданында дастархан жайылып, құран бағышталады. Осы көтерлістің арқасында өзіміздің егемендігімізді алып отырмыз. Тәуелсіздік қанмен келеді. Бірақ егемендікті алу бір бөлек, ал оны ұстап тұру одан да қиын. Сондықтан жастар отанын қадірлей білуі керек", - дейді "Патриоттық қозғалыс "Желтоқсан ақиқаты" Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрымбаев Болат.
Сол уақытта алаңға шығып, ерлік көрсеткен жастар бүгінде егде тартқан. Қанды оқиғаны әрқайсысы әртүрлі еске алады. Батыр жандарды бізде сөзге тартып көрдік.
"Біздің шыққандағы негізгі мақсат Колбинге қарсылық болатын. Ол кезде қолымызда қару жоқ. "Менің Қазақстаным" және "Атамекен" әнін күні бойы айтып тұрдық. Сол екі ән бізге үлкен рух берді. Алаңның барлығын милиция қоршап тұрды. Оның ар жағында Ресейден, Казаннан, Ташкенттен алып келген күштік құрылымдар болды. Өңкей қарулы. Қолдарында бір-бір дубинка, қорғаныс қалқаны болды. Күн қатты суық болатын. Оның үстіне екі өрт сөндіру көлігі келіп екі жақтан су шашты. Сол кезде қазақтың қыздары: Жігіттер! Не қарап тұрсыңдар?! - деп жігер берді. Сол кезде бір топ жігіт әлгі көлікті өртеп жіберді", - дейді желтоқсаншы Телькараев Қалибек.
Желтоқсан көтерілісінде айтылған әннен бөлек түрлі плакатардың, ұранға айналған сөздердің болғаны естеліктерден мәлім. Жастардың жігерін жанып, намысын оятқан ұранды сөзді ойлап тапқандардың бірі - Ерлік Омаров. Оның "Әр халыққа-өз көсемі" деген қанатты сөзі бүгінде тасқа қашап жазылған.
"Ол кезде мал дәрігері интитутында оқып жүргенмін. 16-сы күні ауырып сабаққа бармай, кешке жақын ұран жазайық деп жиналдық. Сонда жанымдағы жолдастар не жазарын білмеді. Мен "Әр халыққа-өз көсемі" деп айтып, осы сөз кейін ұранға айналды. Ол кезде ұлт деп айтуға болмайтын еді. Өйткені ұлтшыл деген айып тағылады. Мен 1986 жылы 17 желтоқсан күні таң азаңмен алаңға бірінші келдім. Сол кезде орыс және қазақ тілді ұран жазылған плакаттарды алып шықтық. Осы сөзді кейіннен архитекторлар тасқа қашап жазды", - деп еске алды желтоқсаншы Ерлік Омаров.
"Қала сыртында Қазақфильм "Турксіб туралы ән" деген кино түсіріп жатқан болатын. Неге екені белгісіз 15-і күні түнде семька тоқталды деп хабарлады. Ертеңінде барлығымызды киностудияға алып келді. Барлық ірі тұлғалар абыр-сабыр болып, не істерін білмей жатты. Мен кеттік алаңға барайық дедім. Бәрі үрпейісіп қалды. Ақыры бір өзім алаңға қарай келдім. Полиция қызметкері тоқтатып жөн сұрады. Алаңға бара жатқанымды айтып едім, бір полицей: Да отпустите ее, умерать хочеть, - деді. Халықпен бірге болдық. Сол күнге барғанымызға қуанамыз. Қазір сіздер өз елдеріңізде "Менің елім" деп айта аласыздар. Бұдан асқан бақыт жоқ қой деп ойлаймын", - дейді Республикалық "Желтоқсан – 86", "Тәуелсіздік қырандары", "Халық қаһармандары" қозғалысының төрағасы Гүлбахрам Жүніс.
Салтанатты рәсім Алматы өңірлік гарнизонының әскери-үрмелі оркестрі мен сарбаздарының мемлекеттік әнұранды орындауымен аяқталды. Айта кетейік қазіргі уақытта Алматыда 1986 жылы желтоқсан оқиғаларына қатысқан 670 адам тұрады. Биыл Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға біржолғы төлем 150 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін ұлғайтылған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!