Таудың үсті толған мүшеқап: Көкшетауда тұрғындар қала сыртының қоқысқа толып кеткеніне шағымданды 

Таудың үсті толған мүшеқап: Көкшетауда тұрғындар қала сыртының қоқысқа толып кеткеніне шағымданды 
Фото: Автордан

Қала тұрғындары шаһардың көрікті орындарының бірі "Бұқпа" төбесі мен басқа да ұсақ таулар мен төбелердің үсті қоқысқа толып кеткенін, ең сорақысы төбеде мүшеқаптардың шамадан тыс көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, жергілікті билік органдарынан сенбілік өткізуді сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Төбенің дәл қасында тұратын қала тұрғыны төбеге келіп кей кездері тіпті 50 қапқа дейін қоқыс жинайтынын жеткізді. 

"Қаланың маңындағы барлық төбелер мен тауларды қоқыс басып кетті. Әкімдіктен қоқысты тасуға көмек беруін машина мен тіркеме беруін сұраймыз. Барлық төбелер қоқысқа толған. Біз мұнда келген әр кезде шамамен 50 қапқа дейін қоқыс жинаймыз. Бірақ бізде тіркеме болмағандықтан қоқысты төге алмай отырмыз. Мұнда тіпті қала тұрғындарының жыныстық қатынасынан кейінгі мүшеқаптары мен майлықтары да толып жатыр. Күн сайын төбенің басында жыныстық қатынасқа түсіп, қоқыс тастап кетеді. Қала әкімдігінен бізге сенбілік ұйымдастыруға көмектесуін сұраймыз. Біздің қаламыз өте әдемі. Төбелеріміз қандай керемет. Бірақ бәрі қоқыс пен мүшеқапқа толған", - дейді Николай Анатольев есімді қала тұрғыны. 

Қала тұрғындары әкімдікке тазалық шарасын ұйымдастыратынына үміт еткенімен қала әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі төбелерге қызмет көрсету олардың құзырына кірмейтінін айтып құтылды. 

"Аталған учаскеге бөлімнің коммуналдық кәсіпорындары қызмет көрсетпейді", - дейді Көкшетау қаласы әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен. 
Ал Көкшетау қалалық полиция басқармасы төбелер мен таулардың үстінде бейнебақылау камераларының болмауына байланысты ондағы құқықбұзушылықтарды және қоғамдық орындардың ластануын анықтау көп жағдайда мүмкін болмай қалатынын айтып ақталды. 

"Көкшетау қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметкерлерімен күн сайын кешкі уақыттарда шолу жүргізіледі. Бірақ аталған ауданда бейнебақылау камераларының болмауына байланысты қоғамдық орындарды ластау оқиғалары мен құқықбұзушылықтарды анықтау мүмкін болмай қалады", - дейді Көкшетау қалалық полициясы басқармасынан. 

Ведомствоның мәліметінше тек жыл басынан бері ғана Көкшетау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 434-2 бабы "Қоғамдық орындардың ластануы" бабымен 2860 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы