Қазақстанда спортшылардың төзімділігін арттыратын технология ойлап табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Генетика және физиология институты спортшылардың төзімділігін арттыру үшін гипоксия бөлмесі мен бетпердесін ойлап тапты. Ғалымдардың айтуынша, бөлмеде оттек нормадан аз мөлшерде болады, спортшылар мұндай жағдайда жаттығу жасайды. Мұндай бөлмеде жаттыққандар Алматының ең биік нүктесінде жүргендей сезінеді.
Қаладағы ең биік нүкте – Талғар шыңы. Ол теңіз деңгейінен 4979 метрге биікте орналасқан. Мұнда оттек мөлшері айтарлықтай аз. Ал бұл – спортшыларды шыңдауға таптырмас технология.
"Тауда жаттығу жасамақ түгілі, жүгіре алмайсыз, онда өте қолайсыз. Екінші артықшылығы, гипоксияда жаттығу істеп, бірден нормаксияға шығасыз. Қолдан істелген гипоксияның ерекшелігі – осыда. Табиғи гипоксияда адам табиғат аясында тынығады, ол рас, бірақ кейде жаңбыр жауып кетеді, кейде салқын болуы мүмкін. Ал мұнда кез келген уақытта, кез келген жағдайда жаттыға беруге болады", – дейді институттың ғылыми қызметкері Ерлан Мақашев.
Бетперде жүгіру кезіндегі сатурация, тамыр соғысы, денедегі ылғалдық, көмірқышқыл газын жұтуы сынды талдауды көрсетеді. Бұл – бетперденің әзірге аяқталмаған түрі. Бұған әлі те тест жүргізілуі керек. Ғалымдар бұл тауарды келер жылы шығару жоспарда барын айтты.
Генетика және физиология институты Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, арнайы батон әзірлеп шыққан.
Спорт және туризм академиясынан 15-18 студент іріктелген.
"Бүгін екінші күн. Балалардың айтуынша, аздап қиын, бірақ таза ауада жаттығуда жүргендей сезінеді. Бұл – тау етегінде, яғни жерден 2500 биікте жүргендей қолдан жағдай жасау, яғни спортшылардың төзімділігін, шыдамдылығын арттырады. Ешқайда бармай-ақ, тауда жүргендей болады. Студенттердің физикалық дайындығы, денсаулығы тексерілді", – дейді бапкер Аслан Жұмағалиұлы.
Ғалымдардың айтуынша, баланы спортқа деген бейімдігін оның ата-тегіне, геніне қарау керек. Мұндай анализ балаға спорттың қай түрі жеңіл берілетінін көрсетеді.
"Қазір спортқа мотивациясы бар адамдар ғана онымен шұғылданады. Ал жақсы нәтижеге жету үшін адамның генетикасына үңілу керек. Сол үшін тіпті ерте жастан баланы спорттың қай түріне бейім екенін анықтау керек. Қазақстан Париж олимпиадасында көңіл көншітер жетістікке жеткен жоқ. Бұл спортымызда жүйе жоғын білдіреді. Бізде спортпен шұғылданғысы келетіндер ғана шұғылданады. Кейбіріне жақсы бапкер түсіп, бағы жанады. Елімізде спорт саясатын түгелімен өзгерту керек. Қазақтар жаппай бокспен шұғылдануы керек деп айта алмаймыз", – дейді институт маманы Ләйлә Жансүгірова.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз